"МАТАСЫ ДА ӨЗДЕРІНЕН": ЖЫЛАНДЫДА ҰЛТТЫҚ ТІГІН ЦЕХЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 21.01.2021
Оқылды: 1424
Бөлім: ОН САУСАҚ

Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылында қызметін дөңгелентіп отырған «AUL ONERI» тігін цехы өңірімізді былай қойып, өз өнімдерін республика көлемінде танытуда. Күнделікті тұрмысқа қажетті киім-кешектерден бөлек қазақ өнерін насихаттауда да үлкен іс атқарып жатқан цех басшылығы Нұр-Сұлтан қаласында дүкен ашып, елордалықтарға өнімдерін ұсынуда. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Округтің 20 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған мекеме 2020 жылдың алғашқы айларында қызметін бастаған. Алдымен ауыл арасы, аудан аумағынан кішігірім тапсырыстар қабылдап, әр сала жұмысшыларына арнайы қызметтік киімдер тігумен айналысты. Әлем халқын дүрліктірген пандемия басталғаннан кейін жұмыс қолын бірден көпреттік бетперде тігуге жұмылдырды. Сол аралықта 20 мың данадан астам бетперде өңір жұртының қолына тиген болатын. Ал карантиндік шаралар қолға алына бастаған кезеңде бетперде тапшылығы белең алғанын ескерсек, бұл тәжвирусынан сақтануға қосқан елеулі үлес деп білеміз. Тек қана қаржы табудың қамын ойламаған цех басшылығы жақын ауыл тұрғындарына өз өнімдерін тегін үлестіріп, жақсылық жасауда.

Цех жұмысшылары – бұған дейін осы іске машықтанып, үй жағдайында аз-кем уақыттарын тігіншілікке арнағандар. Тірлігі тиянақты ісмерлердің ұқыптылығы отырар орындарының тазалығы мен жинақылығынан-ақ көрініп тұр. Дайын өнімдер арасында бетперделерден бөлек заманауи үлгідегі төсек жабдықтары, қыз жасауына қажетті бұйымдар бар.

«AUL ONERI» бренді өз өнімдерінің сапасы мен эксклюзивтігіне баса назар аударуда. Тек табиғи материалдармен ғана жұмыс істейді. Мақта мен жібектен жасалған велюр, атлас, қой және түйе жүні қолданылады. Бір айтарлығы, цехтың өз түйе және қой шаруашылығы бар. Жүнді шеттен жеткізбей, өздері өндіріп отыр.

– Бізде соңғы үлгідегі тігін машиналары, лазерлі құрылғылар және Жапония мемлекетінен арнайы сатып алынған түрлі іс құралдары бар. Карантиндік талаптарды ескере отырып, барлық ережелерді сақтап, қызметімізді жалғастырудамыз. Жыланды және Төңкеріс ауылдарының қолынан іс келетін тұрғындарын жұмыспен қамтып, 20 отбасының нәпақа табуына септігіміз тиіп отыр. Қызметкерлердің орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайды. Артық міндет, қосымша жұмыс ешкімге жүктелмейді. белгіленген уақыт бойынша табысты еңбек етеміз. Қазіргі таңда ұлттық өнерді ұлықтау мақсатында сапасы жоғары көрпе-жастықтар, құрақ тігіп, қазақылық болмысымызды насихаттауды қолға алдық. Кез келген істе тұрақтылық пен жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі, – дейді цех басшысы Нәзия-Жаныл Құспанова.

Бір айта кетерлігі, цех басшылығының іскерлігінің арқасында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Керуен» сауда үйінде «AUL ONERI HOME» атты дүкен ашылды. Онда цехта тігілген көрпе-жастық, сырмақ, алжапқыш, сөмке және түрлі жамылғылар сатылымда. Бәрі ұлттық үлгіде безендіріліп, өрнектелген. Бұдан бөлек, ауыл шеберлерінің шаған, емен, қарағаш, қайың секілді ағаштардан жасалған қолөнерлері, ыдыстары қойылған. Үйге арналған интерьер заттары, тіпті, ауылдың қымыз-қымыраны да осы жерден табылады. Сонымен қатар, «Лепсі өнімі» бал цехымен бірлесе отырып табиғи қоспалардан әзірленген балауыз шамдар, сан алуан хош иісті сабындар, ерін және қол бальзамдары, сусабындар бар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша аталған цех Алакөл ауданы әкімінің «Жыл үздігі» сыйлығының жеңімпазы болды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы