ҮШТӨБЕНІҢ ЖОМАРТТАРЫ 40 ОТБАСЫНА АЗЫҚ-ТҮЛІК СЕБЕТІН ТАРАТТЫ

Уақыты: 16.05.2021
Оқылды: 1211

Үштөбе қалалық мешітінде қайырымдылық іс-шарасы өтті. Жұртқа көмек беріп, зор сауапқа ие болуды қалаған жомарт жандар көпбалалы, тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Қайырымдылық акциясы Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы Әбудардан ТАЛАСБАЙДЫҢ ұйымдастыруымен өтіп, 40 отбасына азық-түлік себеті берілді.

– Бала-шағаларыңыздың қызығын көріңіздер! Жұрт осындай сауапты амал жасайық деген екен. Алла разы болсын! – деген Қаратал ауданының бас имамы Жансерік Алпысбаев көмек алған азаматтардың балалары өсіп, ержеткенде елге жанашыр азамат болып, зекет беретін дәрежеге жетсін деген игі тілегін жеткізді.

Қайырымдылық – сауапты іс. Әбудардан Таласбайдың айтуынша, қайырымдылық жасау арқылы адам баласы қайырымын көреді. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетудің өзі имандылықтың белгісі.

– Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) бір хадисінде: «Жомарт – адам халыққа, жұмаққа, Алла тағалаға жақын, бірақ тозақтан алыс. Сараң адам – халықтан, жұмақтан, Алла тағаладан алыс, бірақ тозаққа жақын» деген болатын. Сондықтан, қайырымдылық жасаған азаматтарға Алланың нұры жаусын!  – деді Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы Әбудардан Таласбай.

Иә, қайырымды жандардан көмек алған мұқтаж азаматтар ризашылығын білдіріп, олардың отбасына амандық, ісіне береке тілейді. Рамазан айында мешіттерде қайырымдылық іс-шаралары жалғасып, халық қуанышы еселене түскені белгілі.

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

Алматы облысы