АЛАКӨЛДЕ БАЛАЛАРДЫ ЕРЕКШЕ ҚУАНТҚАН ЕКІ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 02.06.2021
Оқылды: 2115

Алакөл ауданында Халықаралық балалар күніне орай мемлекеттік қызметшілер арасында отбасылық-эстафеталық жарыс өткізілді. Сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін 68 балаға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алакөл ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Спорттық сайыстың негізгі мақсаты – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Аудандық персоналды басқару мен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырумен өткізілген «Әкем, анам және мен – біз шынығамыз спортпен» отбасылық сайысы отбасыларды спортқа баулып, ата-ана мен баланың арасындағы бірлік пен татулық қасиеттерін нығайта түсті.

- Отбасылардың бірге орындайтын спорттық өнерлерін көрсетуде жылдам, епті, ұйымшыл және көңілді екендіктерін көру қуаныш. Біздің сайысымызға 3 отбасы қатысады. Әр отбасы жеке топты құрайды. Әр топ жеңіс мәресіне жету үшін бірнеше кезеңнен тұратын кедергілерге төтеп беруі тиіс. Меніңше, бұл әрбір ата-аналарымыздың қолынан келеді. Сайысқа қатысушыға сәттілік тілеймін, - деді Алакөл аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев.

Үздіктердің үздігін іріктейтін сайыста эстафеталық ойындар, жеңіл атлетика және басқа спорттық ойын түрлері қамтылды. Жекелей және отбасылық сайыстардан тұратын жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды «Қоңыровтар», ІІ орынды «Сағымбековтер», І орынды «Көпшікбаевтар» отбасы иеленді.

Жарысты қорытындысында І орын иегері - Лепсі ауылдық округінің әкімі С.Көпшікбаевтың отбасынан құралған «Көпшікбаевтар» командасы спорттық өнерлерінің, жылдамдықтарының, ұйымшылдықтары мен ептіліктерінің арқасында үш команданы да жеңіп, облыс орталығына жолдама алды. Әділқазылар алқасы жеңімпаздарды Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.

Игі шара ары қарай жалғасын тауып, Балаларды қорғау күні Алакөлдегі 70-ке жуық мүмкіндігі шектеулі балғынға арнайы сыйлықтар табысталды. Жомарт жүректі жандар аталған сый-сыйапатты алуға демеушілік танытты. Осы орайда аудан әкімінің орынбасары М.Төлеужанов  ерекше күтімді қажет ететін Гүлнұр Несіпбек пен Ләтай Ерсұлтанның үйіне арнайы барып, ақжарма тілегін айтып, аудан әкімінің арнайы әзірлеген сый-сыяпатын табыстап, Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап қайтты.

Айта кету керек, бұдан бөлек №9807 әскери бөлім, «Искорка», «Сарыарқа» сауда орталықтары, сондай-ақ, «Манна», «КМФ» ЖШС өкілдері және басқа мекемелер ат салысып, қуанышты шараға өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, Үшарал имамдары және аудандық мешіт жанынан құрылған әйел-қыздар секторы бірігіп, 100 балаға тәтті мақта мен сусын таратты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"