ЖЕТІСУЛЫҚТАР ҚУАҢШЫЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ӨҢІРЛЕРГЕ ЖЕМШӨП ЖӨНЕЛТТІ

Уақыты: 30.07.2021
Оқылды: 1909

Қазақстанның қуаңшылық жайлаған өңірлеріне Жетісу өлкесінен 146 тонна жем-шөп жөнелтілді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Батыс Қазақстанның қуаңшылық жайлаған өңіріне Алматы облысынан 73 тоннадан астам шөп, 73 тонна жем және ақшалай көмек жіберілді. Биыл құрғақшылық батыстағы шаруаларды әбден қыспаққа алып отырғандығы анық. Малға беретін жем-шөптің жоқтығын айтып, халықтан көмек сұраған шаруалардың назын жетісулықтар назардан тыс қалдырмады.

Алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған кәсіпкер Алмасбек Садырбаев «Маңғыстауға көмек» қорын ашты. Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы жұмылып, 7 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Жиналған қаражатқа 60 тонна шөп, 68 тонна бидай сатып алынған.

- Батыстағы бауырларымыздың жағдайын естіп мен бірден көмек беруге кірістім. «Шопан ата» қауымдастығының қайырымдылық қорына және менің жеке шотыма қаражат жинап жатырмыз. Бүгінгі күнде жиналған қаражаттың барлығына тиісті жем-шөп алынды. Жиналған жем-шөп, қаражат батыста құрылған 6 кооперативке жеткізілуде, - дейді Алмасбек Садырбаев. Сондай ақ, Сарқан және Еңбекшіқазақ ауданының жанашыр жастары өз қолдарымен шөп шауып, көмек беруде. Сарқан ауданының белсенді жастары бүгінде 10 тоннадан астам шөп жөнелткен. Ал Еңбекшіқазақ ауданы 3 тоннадан астам шөп, 5 тонна жем және ақшалай көмек көрсеткен.

Айта кетейік, облыстың түкпір-түкпірінде әлі де жиналып жатқан ақшалай және материалдық көмек көп.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"