ШЕЛЕК ӨҢІРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ МАҢҒЫСТАУҒА 25 ВАГОН ШӨП ЖІБЕРДІ

Уақыты: 02.08.2021
Оқылды: 1703

Шелек өңірінің жұртшылығы қуаңшылықтан зардап шеккен маңғыстаулық ағайындарға қол ұшын созды. Күні кеше ғана жемшөп тиелген 25 вагон Шелектен Шетпеге қарай жол тартты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

«Көп түкірсе көл» деген осы. Әр үйден шыққан бірді-екілі түк шөп жинала-жинала аз күнде таудай боп үйілді. Сөйтіп Шелек стансысынан вагондарға тиеліп, батысқа бет түзеді.

Осындайда қайырымдылық шараға халықты үндеп, зардап шеккен аймаққа көмек қолын созуға бастамашыл болып, игі істің ортасында елімізге белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тушаев жүрді. Содан кейін де Шелек өңіріндегі алғашқы шөп жинау акциясы актердың туған ауылы Жаңашаруадан басталды. Бұл туралы актердің өзі:

- Алыстағы ағайынның малы қырылып, жаны қиналып жатқанда үнсіз отыра алмадық. Сыныптасым, белгілі заңгер Қазыбек Дәуітәлі екеуміз жерлестерімізді қайырымдылық ісіне шақырдық. Бұл бастаманы өзге ауылдардың азаматтары қолдап әкетті. Бүгін, міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жемшөп вагондарға тиеліп жатыр. Осының бәрі ағайындардың ынтымағы мен тату тірлігінің арқасы, – дейді ағынан жарылып.

Жаңашаруадан бастау алған қайырымдылық шараны Шелек өңіріндегі 28 елді мекен әрі қарай сәтімен жалғастырды. Жас-кәрі демей бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ұйымшылдық танытып, ортақ іске атсалысты. Ақсақалдар батасын берді. Жалынды жастар вагондарға шөп тиеуге білек сыбана  білек сыбана  кірісті. Солардың арасынан актер Бақыт Тушаевтың сыныптасы, заңгер Қазыбек Дәуітәліні кездестіріп, сөзге тартып едік:

- Қайырымдылық шара ары қарай жалғаса береді. Маңғыстау мен Қызылордаға бүкіл Қазақстан жұрты көмек қолын созып жатыр. Халық ішінде «Асар» деген бұрыннан келе жатқан игі дәстүр бар. Ата-бабаларымыздың өнегесі бүгінгі таңда қайта жаңғырып жатқанына қуанамын, – деді ол.

Енді тиелген жемшөп зардап шеккен аймаққа ойдағыдай жетіп, ондағы ағайындарға теңдей таратылуы керек. Осы жұмыстарды қадағалау үшін Шелек өңірінен бес адам сайланып, Маңғыстауға жол тартпақ.

- Менің таңғалатыным, бұл жерде диқандар емес, шаруалар емес, ауылдағы әрбір үйдің тұрғындары бір-екі түк шөптен жинаған. Біреуі бір қап кебегін берсе, екіншісі бір шелек жемін тасыған. Нәтижесінде жемшөптің тау болып үйілгенін көзіміз көріп отыр, – дейді Shopan atа ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Әрине, осы жұмыстардың басы-қасында жүрген азаматтардың барлығы да құрметке лайық жандар. Өз еркімен осындай игілікті дүниеге араласып, қолынан келгенше көмектесіп жатқаны кейінгі жас ұрпаққа өнеге мен тәлім болмақ.

Пойыз вагондарына жемшөп тиеу таңсәріден басталып кеш қарайғанша жалғасты. Жігіттер аптап ыстыққа қарамастан жан аямай жұмыс істеді. Оларға ауылдағы ақжаулықты аналар дастарқан әзірлеп, бал татыған тағамдарды ұсынды. Міне, осылайша Шелек өңірінде басталған халықтық шара жұртқа өнегесімен есте қалды.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы