Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЛҚАШ АУДАНЫНДА ЖЕТІ БАЛАСЫ БАР ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 859

«Харекет» қайырымдылық қорының себепші болуымен халықтың жинаған қаражаты есебінен ауданымызда баспанасыз жүрген бір отбасы үйлі болды. Жеті баланы тәрбиелеп отырған, тағдыр тауқыметіне мойымаған жалғызбасты ана Динара Кебекбай қор арқылы баспаналы болған өңірдегі 8-ші, ал республика бойынша 487-ші отбасы.

Осы уақытқа дейін Желтораңғы ауылында тұрып келген отбасының жағдайы, үйсіз жүргендігі көпті бейжай қалдырған жоқ. Қазақ халқы ежелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған дана халық. Ауданымызда «Харекет» қайырымдылық қорының еріктілері жұмысқа белсене кіріскеннен бастап, міне, бүгінгі күнге дейін 8 отбасының баспаналы болуына көмектесті. 

Динара Кебекбайға 5 бөлмелі үйдің кілті «Nur Otan» партиясы Балқаш аудандық филиалы ғимаратында табысталды. Осындай қуанышты сәтке жиналған аудандық мәслихаттың депутаттары да қайырымды істен құралақан қалмай, 7 баланың анасына өз қаражаттары есебінен кір жуатын машина сыйға тартып, сонымен қоса азық-түлік алып берді. Өз кезегінде Динара ана қор мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттарына алғысын айтты.

«Қайырымдылық жасасаң – қайырымын өзің көресің» деген қанатты сөзді жандарына серік еткен «Харекет» қайырымдылық қорының негізгі басшысы Гүлмира Мұханқызы мен еріктілер Таңшолпан Қасым мен Елдос Бөлекбаев аудандағы жалғыз-басты ана, жалғызбасты әке, тұл жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандар санатындағы отбасылардың баспаналы болуы үшін еңбектенуде.

Алтынай СЕЙТКЕН

Балқаш ауданы

Алматы облысы