Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА 100-ДЕН АСТАМ БҮЛДІРШІН БАССЕЙНДЕ ТЕГІН ШОМЫЛДЫ

Уақыты: 19.08.2021
Оқылды: 1123

Талдықорғандағы «Bounty spa Club» ойын-сауық кешенінде Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы және «Zhetysu travel даму» ЖШС-нің ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында ұйымдастырылған шарада 25 көпбалалы отбасы, 100-ден астам бүлдіршін бассейнге тегін кіргізілді. Бүлдіршіндер шомылып қана қоймай, көңілді ойындар ойнап, сыйлықтар алды. Сонымен қатар, балаларға «Жеті атаңды атаңыз», «Жігіттің қанша жұрты бар?» деген сияқты сұрақтар қойылып, салт-дәстүріміз дәріптелді. Тағылымға толы шарадан балдырғандар ерекше көңіл көтеріп қайтты.

Жиын барысында сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Жақсылық Қаһарман:

– Кәсіподақта жалпы 102 мыңнан астам адам бар. Біз биылдың өзінде 100-ден астам түрлі шара өткіздік. Солардың бірі бүгінгі шара. Шараға көпбалалы отбасының балаларын шақырдық. Себебі, бүлдіршіндерін ойнату, қыдырту материалдық жағынан бір отбасыға ауыр тиіп жататыны жасырын емес. Жақында «Мектепке жол» акциясын қолға алып, шамамыз келгенше оқушыларды киім, қажетті құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етуге тырысамыз, – деді.

Соңында ата-аналар игі шараны ұйымдастырған жандарға алғыс айтып, жылы лебізін білдірді.

– Қуанса, бала қуансын. Біз қашанда бар жақсылығын бүлдіршіндерге тосатын халықпыз ғой. Балдырғандарды қуантудан, олардың шат күлкісінен асқан бақыт жоқ шығар. Балаларды қуанту үшін бүгінгі шараны ұйымдастырушы аймақтық кәсіподақтар мүшелеріне үлкен алғысымды білдіремін. Балалар жақсы көңіл-күйде демалып қайтты, – деді жеті баланың анасы Нұржанат Мұратханқызы.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан