"АЛАҢСЫЗ БІЛІМ АЛСЫН": ҮШТӨБЕ МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ 50 БАЛАНЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 13.09.2021
Оқылды: 1270

Үштөбе қалалық мешітінде 50 балаға қайырымдылық жасалды. Мешіт имамы Әбудардан Таласбай мектеп оқушыларына сабаққа қажетті құрал-жабдықтар табыс етті.

Оқу жылы басталмас бұрын балаларды мектепке дайындау ісі қолға алынды. Оқушыларды киім-кешек, оқу құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету ата-анаға біраз салмақ түсіретіні анық. Әсіресе, көпбалалы, жартылай қамтылған отбасы бүлдіршіндерін оқу ордасына толық даярлау қиынға соғады. Осыған орай «Мектепке жол» акциясы жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Мешітте өткен қайырымдылық іс-шарасында балаларға сөмке, қалам-қарындаш сыйға тартылды.

– «Қуанса, бала қуансын» дегендей, қолымыздан келген көмекті жасап жатырмыз. Қазақта «қайырымдылық жасасаң қайырымын көресің» деген сөз бар. «Мектепке жол» акциясына атсалысып, мешіт атынан балалардың алаңсыз білім алып, сабағын жақсы оқулары үшін қажетті құрал-жабдықтарын әпердік, – дейді Үштөбе қалалық мешітінің бас имамы Әбудардан Таласбай.

Бір-бір сөмке алып, қуанып қалған балалардың жүзіндегі шат күлкісін көрсеңіз. Алған сыйлықтарын бір-біріне көрсетіп, мектепке барамыз деп ерекше көңіл-күйге бөленді. Иә, баланың бақытты сәтінен артық қуаныш болмас, сірә?

Асхат БАҚЫТҰЛЫ

Қаратал ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды