АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПЕРЗЕНТХАНАСЫНА ЖАҢА ЖАБДЫҚТАР ӘКЕЛІНДІ

Уақыты: 15.09.2021
Оқылды: 1630

«AYALA» қайырымдылық қоры Алматы облыстық перинаталдық орталығына «Өмір сыйлайық» жобасы аясында 16 жаңа заманауи реанимациялық жабдықты табыс етті. Он фототерапия шамы, бес фетальды монитор және ашық реанимациялық жүйе құрылғысы орталыққа жасалған үлкен көмек болды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

2007 жылы құрылған «AYALA» қайырымдылық қорына 100 мыңнан астам қазақстандық қолдау білдірген және осы уақыт ішінде 3,4 млрд.теңге қаржы жиналды. Қор президенті Айдан Сүлейменованың басшылығымен көптеген игі іс оң нәтижесін беріп келеді. Ал қордың негізгі мақсаты – еліміздегі сәби мен бала өлімін және мүгедектігін азайту. Осы бағыт бойынша қор еліміздің әр түкпірінде жұмыс істеп жатыр.

Заманауи жаңа құрылығыларды таныстырып, табыстаған «AYALA» ҚҚ вице-президенті Наталья Еськова қордың осы уақытқа дейінгі істеген жұмысына тоқталып, алдағы жоспары туралы да айтты. Өз кезегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаева мен облыстық перинаталдық орталық директоры Қанат Жұмашев алғыс айтып, бұл өте үлкен көмек екенін жеткізді.

Келесі кезекте Орал, Қостанай, Қызылорда, Теміртауда орналасқан перинаталдық орталық үшін ренимациялық жабдық және Алматыдағы орталыққа жаңа туған нәрестелердің ретинопатиясын лазерлік түзету аппаратын беру жоспарланған. Ал қор ұжымы еліміздегі 21 перинаталдық орталыққа терапевтік гипотермия үшін аппараттық кешенді сатып алуға демеуші іздеуді бастап кетті.

Қали АСҚАР

Алматы облысы