ҚАПШАҒАЙДА АТҚА МІНГІЗІП ЕМДЕЙТІН ИППОТЕРАПИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 23.10.2021
Оқылды: 1558

Иппотерапия – атқа міну арқылы ем-дом алу. Науқасты емдеудің бұл түрі Гиппократ кезінен белгілі. Елімізде оңалтудың осындай түріне бағытталған арнайы орталықтар бар. Бірақ ірі қалаларда ғана кездеседі. Өйткені, мұндай ем-дом қалтаға біраз салмақ түсіреді. Меценат табу, арнайы мамандар жалдау, жылқы баптау, оларға арнайы орын даярлау, жемшөбі және тағы басқа қиындықтарын еңсеріп, Қапшағай қаласында иппотерапия орталығы есігін айқара ашуы қуанышты жаңалық.

"Жақсылық" иппотерапия орталығының ашылу салтанатына мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары, халықты әлеуметтік қорғау орталығының қызметкерлері, қалалық әкімдік өкілдері және Қапшағай мешітінің имамы Алдажар Сейітұлы қатысты. Орталықтың ашылуында Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Берік Дүйсенбаев құттықтауын жеткізді.

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы. Сол жылдар аралығында Қапшағай қаласы да көшілгері дами түсті. Бүгінде қаламыз маңызды стратегиялық бағыттарда дамып келеді. Әлеуметтік-экономикалық, мәдениет саласының жағдайы жақсаруда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында біз жаңа әлеуметтік нысан – атпен жүру арқылы оңалту орталығын ашудамыз. Бұл мекемеде ересектер де, балалар да емделеді. Иппотерапияның бірегейлігі пациентке әсер етудің денеге бағытталған және когнитивті үйлесімді тәсілдерінде жатыр, – дей келе белгілі спортшы Жақсылық Үшкемпіровтің ұлы Елдос Үшкемпіровке және Мұхтар Жұмағұловқа орталықтың ашылуына сеп болғандары үшін алғысын жеткізді.

Мұнда неврологиялық ауытқулар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, аутизм, склероз, есту және көру қабілеті бұзылған, мінез-құлық ауытқулары бар және инсульт алған жастар емделеді. Ал ат терапиясы арқылы жүргізілетін ем-дом міндетті түрде дәрігер нұсқаулығымен жасалады. Заманауи үлгідегі тәсілмен өңірдің 247 баласына ем алуға мүмкіндік қарастырылған. Жалпы қала бойынша 1476 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.

Орталықта иппотерапия емін көрсету үшін 3 білікті маман қызмет көрсетеді. Сала азаматтарының көмегімен жылқы арқылы түрлі жаттығулар жасалады. Қазіргі кезде 12 бала жылқы терапиясымен ем қабылдауда. Болашақта аттар саны көбейтіліп, ем-дом алатын бала саны 50-ге дейін артпақ. Ерекше ескере кететіні, барлық қызмет түрі тегін жүргізіледі.

Өз кезегінде қуанышпен бөлісуге арнайы келген облыстық мәслихат депутаттары Б.Үстенов, Е.Үшкемпіров, "Қапшағай самға" мүгедектер ҚБ төрағасы М.Абдулдаев құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Еліміздің аты аңызға айналған спортшысы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ұлы Елдос Жақсылықұлымен әңгіме барысында ол Қапшағай мүгедектер қоғамынан бастау алатын бұл идеяны қуана қолдағанын айтты.

– Осы оңалту жобасына Жақсылық есімі бекер берілген жоқ. Әкемнің өзі қарапайым отбасында өсті, қарапайым халықты әрдайым қолдады, мүмкін болса көмектесті. Мемлекетте де, экономикада да, саясатта да ісіміз сәтті болып, әрбір қазақстандық отбасында бәрі жақсы болсын деймін, – деді Елдос.

Содан кейін салтанатты түрде лентасы қиылып, шашу шашылып, иппотерапия қалай іске асатыны көрсетілді. Алғашында балалар аналарымен бірге қоршауға қорқа жақындады. Қоршау жанында екі ат байлаулы тұр екен. Жануарды сипалаған балалар: "Жуас екен!", – деп таңданыстарын жасыра алмай жатты.

Айта кететін жайт, оңалту орталығына сыйға берілген екі атты да Жақсылық Әмірәліұлының өзі мінген екен. Мұны естігенде балалар сауығып, Жақсылық Үшкемпіров сияқты елін әлемге танытатын әйгілі жандар болсын деп ырымдадық.

Соңынан Елдос Үшкемпіров болашақта да орталықпен байланысын үзбейтінін жеткізді. 

Рамазан ЕЛЕШЕВ

Қапшағай қаласы