МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ ҮЙІНЕН ШЫҒА АЛМАЙ ҚАЛҒАН ЖАНДАРҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗДЫ

Уақыты: 18.01.2022
Оқылды: 1384

Елімізде соңғы уақытта болып жатқан жағдайларға байланысты әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен басқа да санаттағы азаматтарға, сонымен қатар, блокбекетте орналасқан сарбаздарға облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары өз көмектерін көрсетуде.

Атап айтар болсақ, облыстық мәслихат депутаты Жанна Жазықбаеваның бастамасымен Қарасай ауданында 116 әскери қызметкерге ыстық тамақ әзірленді. Аудандық мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков тыныштық күзеткен жауынгерлерге ыстық аспен қатар дәрумендер мен қажетті заттар жеткізді. Одан бөлек, облыстық мәслихаттың депутаты Бағдәулет Үстенов, Қапшағай қалалық мәслихатының хатшысы Сәуле Нұрсолтанова, қалалық мәслихат депутаттары Ерлан Қашағанов пен Ержан Бүркітбай моноқала ішіндегі, депутат Александр Ефименко Заречный ауылдық округіндегі аз қамтылған отбасыларға азық-түлік тарату жөніндегі қайырымдылық акциясына қатысып, мұқтаждарға қол ұшын созды.

Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Аманжол Жазықбаевтың және әріптес депутаттардың бастамасымен төтенше жағдайда қойылған шектеулерге байланысты үйлерінен шыға алмай отырған ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға азық-түлік себеттерін таратса, облыстық мәслихат депутаты Закиржан Кузиев пен Жаркент өңіріне белгілі кәсіпкер Серік Ақсубаевтың бастамасымен ереуіл кезінде зардап шеккен құқық қорғау органдарының 20 қызметкеріне «Жаркент Арасан» емдік-сауықтыру шипажайына тегін жолдама берілді. Елдегі төтенше жағдай кезінде өз көмектерін көрсеткен халық қалаулылары игілікті бастаманы алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Естеріңізге сала кетсек, жетісулық депутаттар былтыр да 140 миллион теңгеге жуық қаржыға бес мыңнан астам адамға көмек көрсетті. Жергілікті депутаттар ең әуелі көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған болатын. Халық қалаулыларының бастамасымен 16 отбасы пәтер кілтін алса, тағы 50 тұрғынның баспанасын жөндеуге мұрындық болды.

Алматы облыстық мәслихатының баспасөз қызметі