"ХАРЕКЕТ" ҚОРЫ ТЕКЕЛІДЕ ТҰРАТЫН КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНА БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 10.02.2022
Оқылды: 1520

«Харекет» қоры текелілік отбасына пәтер сыйлады.

Бірнеше жыл пәтер кезегінде тұрып, баспаналы болуды армандаған Ахметовтер отбасы жаңа қоныс иесі атанды. Отағасы Асқар Ахметов Текелі қаласында 1979 жылдан бері тұрып келеді. 2020 жылға дейін қоғамдық жұмыста қызмет еткен. Бүгінгі таңда денсаулығына байланысты мүгедектік алған. Шаттыққа кенеліп, пәтер кілтін алған отанасы Жанар Байзақова қуанышымен бөлісті.

– Жаңа бапанаға қол жеткізіп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ. Баспаналы болу басты арманымыз еді. «Харекет» қоры жайлы бір жыл бұрын таныстарымнан естіп, әлеуметтік желі арқылы қайырымдылық қорынының парақшасына өз өтінішімді жеткіздім. Біздің жағдайымызды ескеріп, пәтер сыйлаған «Харекет» қорына айтар алғысымыз шексіз. Елдің қамын ойлар ел ағаларының барына мың тәубе,­ – деді ол.

2005 жылы шаңырақ көтерген Ахметовтер отбасы бүгінде төрт перзент тәрбиелеп отыр. Отбасының ендігі арманы - кіші ұлдары Әлижанды аяқтандыру. Дана халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң қайырын өзің көресің», - дейді. Атымтай азаматтардың бұл ісі көпке үлгі.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Текелі қаласы

Алматы облысы