ҚАРАШЕҢГЕЛДЕ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ КӨМЕГІМЕН ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНДЫ

Уақыты: 03.09.2022
Оқылды: 1415

Қарашеңгел ауылында жаңа мектеп ашылды.

Көп жылдан бері Қарашеңгел ауылында мектеп мәселесі талайды толғандырған болатын. 1926 жылы іргетасы қаланған ескі мектептің тозығы жетіп, оқушылар әр ғимараттың босағасын сығалап жүрген еді. Енді, міне, өздерінің жеке-дара білім ошағы бар.

Биылғы жылы 15 мұғалім еңбек ететін мектеп табалдырығын 7 бала аттады. Жалпы орталау мектепте 41 оқушы білім алса, мектепалды даярлық тобына 5 оқушы барады. Өткен жылы мектепті 3 оқушы тәмамдап, оның біреуі үздік аттестатпен бітірген. Шағын ғана ауыл дегеніміз болмаса, заманында Қарашеңгел ауылының қара шаңырағы талай марғасқаларды түлеткен киелі орда.

Жаңа мектеп қайырымдылық көмек қорының есебінен салынды. Ішінде спорт залы, асханасы, сынып бөлмелері бар шағын мектептің құрлысын «АВSK Building Company» ЖШС жүргізді. Қайырымдылық қордан жаңа мектептің құрылысына 45 000 000 теңге бөлінген.

Жаңа білім ошағының ашылу рәсімінде Қаратал ауданының әкімі Ерлан Исабеков сөз сөйлеп, ауыл тұрғындары мен бүлдіршіндерді құттықтады. Одан кейін ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, есігін айқара ашқан білім ошағының лентасын қиды. Ішін аралап көрген қадірменді қонақтар мен аудан басшылары мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің сабағына қатысып, кішкентай оқушылардың талабына ақжол тіледі.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Қаратал ауданы

Жетісу облысы