ОТҚА ОРАНҒАН ТОРҒАЙ ТОПЫРАҒЫ. ЖЕТІСУДАН ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖӨНЕЛТІЛЕДІ

Уақыты: 05.09.2022
Оқылды: 1651

Алаштың мерейтойында – қазақтың реформатор ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығында Торғай топырағы отқа оранды. Өртті сөндіруге 200-ден астам техника, 7 ұшақ жұмылдырылған. Екі мыңға жуық өрт сөндіруші «тілсіз жаумен» тынымсыз арпалысуда. Жер-жерде Қостанай халқына жәрдемдесу жұмыстары қолға алынып, алғашқы көмек жөнелтіліп те үлгерді. Қазіргі таңда «Amanat» партиясының гуманитарлық көмек қабылдау пункттері жұмысын бастады. Оның ішінде, Алматы және Жетісу облыстары да қостанайлықтарға көмек көрсету үшін жұдырықтай жұмылды.

Соңғы мәлімет бойынша, өрт аумағы 5 шақырымға жайылған. Өкінішке қарай, өрт салдарынан 90-ға таяған қарт кісі қаза тапты. Тағы 10 адам түрлі жарақат алған. Оның төртеуі ауруханада жатыр. Жүзге жуық жеке тұрғын үй от құрсауында қалған. Төтенше жағдай орын алған аймаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ барып, штаб жұмысымен танысты.

Қостанай облысы, арғы-бергі тұлғаларды тізбектесек түгесе алмаспыз, бір ғана Ыбырай Алтынсарыұлы мен Ахмет Байтұрсынұлындай ұлыларымен-ақ танымал. Қазіргі таңда Қостанай облысына қарасты Әулиекөл ауданындағы 5 ауылдық аймақта өрт сөндірілуде. Қостанай облысы әкімдігі жанынан құрылған ақпараттық штаб мәліметінше, Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы және Калинино ауылдары маңында бірнеше орман алқабы отқа оранған. Елді мекенге жақын жерлерде Төтенше жағдайлар министрлігінің көмегімен зардап шеккендерді қабылдайтын шатырлар тігілген.

Өртті дер кезінде сөндіруге ауа райы да кедергі келтіруде. «Қазгидромет» өкілдері Әулиекөл ауданы аумағында 31°C шамасында жоғары температура сақталатынын алға тартуда. Ал алдағы уақытта желдің жылдамдығы секундына 7 метрге дейін жетеді. Аптап ыстық пен тоқтаусыз жел өрттің ары қарай өршітуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады мамандар.

Кешеден бастап «AMANAT» партиясының барлық өңірлік филиалдарында Қостанай облысындағы табиғи өрттен зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек жинау пункттері жұмысқа кірісті. Онда бірінші кезекте қажетті тауарлар, азық-түлік (сақтау мерзімі ұзақ), жылы киім, тазалық құралдары керек.

– Дәл осындай уақытта біз елдігімізді, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз керек. Өзгенің басына түскен қиындыққа бейжай қарап, қол қусырып отыруға болмайды. Біз зардап шеккендерге мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуға жағдай жасап, көмектесуіміз керек, – дейді “AMANAT” партиясы Жетісу облыстық филиалының атқарушы хатшысы Арын Арыстанғали.

Жетісу жұртшылығы Қостанай өңірінде орын алған табиғи апатқа байланысты зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарына белсене атсалысуда. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы облыстық филиалы және аумақтық партия филиалдарын қосқанда 10 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылып, күнделікті сағат 9:00-ден бастап азаматтардан келген көмектерді қабылдауда.

Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен және эвакуацияланған тұрғындар үшін «AMANAT» партиясының мүшелері 312 тонна гуманитарлық көмек жинады. Онда азық-түлік, жылы киім, жеке тазалық құралдары, төсек-орын, тұрмыстық техника және құрылыс материалдары бар.

«Жастар рухы» жастар қанатының мыңнан астам волонтері партияның аймақтық филиалдары жанындағы гуманитарлық көмек жинау пункттерінде жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелерінен құралған волонтерлердің алғашқы топтары зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмыстарына қатысу үшін Қостанай облысына аттанды. Қазіргі уақытта волонтерлер партия филиалдары жанынан ашылған гуманитарлық көмек жинау пункттерінде жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін бірыңғай қоғамдық қор құрылды.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Жетісу облысы