БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТҚАН КӘСІПКЕР

Уақыты: 30.01.2018
Оқылды: 1453

Текелі қаласында жеке кәсіпкер балалар алаңқайын тегін салып берді. Осыған дейін балаларын аулаға жалғыз жіберуден қорқатын ата-аналардың күдігі сейілді. Кәсіпкер Қуанышбек Ерғожанов ауланы адам танымастай өзгертті. Жеке қаражатына ол аумақты абаттандырып, құмсалғыш, әткеншектер мен тартылатын темір кермелер орнатты.

Бұл игі іске үй тұрғындары ғана емес, жалпы текеліліктер дән риза. Балалар алаңының құрылысын кәсіпкер Президенттің бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға бағытталған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында бастады.

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, бизнесмендерді қоғамға пайда әкелуге, ең алдымен туған жеріне көмек көрсетуге шақырды. Бүгінгі таңда әлеуметтік жауапкершілік кәсіпкерлік қызметтің ажырамас бөлігіне айналу керек. Сондықтан, менің ойымша әр адам бизнесте болсын, басқа салада болсын, өзінің мүмкіндіктеріне қарай айналасына қолдау білдіріп отыруы тиіс, – деп атап өтті кәсіпкер. 52 жастағы Қуанышбек Ерғожановтың кәсібі металл өнімдерін шығарумен байланысты. Текелідегі жеке цехында металл мен түрлі қорытпадан бұйымдар дайындайды. Балалар алаңқайы кәсіпкердің алғашқы қайырымдылық жобасы емес. Ол тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесіп, ағаш пен металлдан жасалған жиһаздарды сыйлап отырады.

Қажет АНДАС

Текелі қаласы