Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

Қайырымдылықпен қуантты

Уақыты: 26.02.2018
Оқылды: 421

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жаралы жүрегіне демеу болып, тұрмыстық жағдайына қолғабыс ету мақсатында «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы бір ай көлемінде қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Акция шеңберінде тұрмысы төмен, материалдық мүмкіндігі аз мектеп оқушыларына қарайласу қажеттігі назардан тыс қалмады. Олар жылы киім-кешек, мектеп құралдары және азық-түлік қорымен қамтамасыз етілді. Акцияны жүзеге асыруда мұғалімдер мен ата-аналарға арналған ақпарат бұрышы дайындалған. Нәтижесінде, қайырымдылыққа мұқтаж оқушылардың есімдері анықталды. Соның бірі – Кеңдала ауылындағы № 42 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары Айдос пен Ақбота Нұрмұханға қыстық киімдер мен азық-түлік алып беріп, балаларды мәз-мейрам етті.
– Қайырымдылық – халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа жан риза» демекші, тұрмыстық ахуалмен қатар жан жылуына зәру балаларды қуантып жатқан жандарға алғысым шексіз. Осындай көмектің арқасында тұрмысы төмен отбасылардың жыртығы бүтінделіп, көңілдері көтеріліп қалады, – дейді мектеп мұғалімі Сапарәлі Әйгерім.
Жан жадыратар мұндай істер аудан мектептерінің барлығында жасалғанын айту артық етпес. Қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға ауданның қалталы азаматтары мен кәсіпкерлері де бір кісідей атсалысты.

Ұлбосын БӨРІБАЙҚЫЗЫ
Кеңдала ауылы,
Талғар ауданы