Балалар алаңқайын тегін салды

Уақыты: 12.03.2018
Оқылды: 1514

Текелілік кәсіпкер Қуаныш Ерғожанов балалар алаңқайын тегін салып берді. Кәсіпкер бүгінде аз қамтылған отбасыларға тұрақты түрде көмектесіп тұрады.

Шаһардағы «Арбат» маңындағы көпқабатты тұрғын үй алаңында бұған дейін балалар алаңы болмапты. Тіпті, абаттандырылмаған да. Ал қазіргі жағдайы мүлде басқа. Себебі, бұл жерді жергілікті кәсіпкер Қуанышбек Ерғожанов адам танымастай етіп өзгертті. Оған кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен аталған аумақты абаттандырып, құмсалғыш пен әткеншектер және турниктер салып бергені дәлел. Мұндай игілікті іске тұрғындар ғана емес, текеліліктер мен қала басшылығы да дән риза. 
Айта кетейік, балалар алаңының құрылысын кәсіпкер президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыруға бағытталған «Атамекенім» республикалық акциясы аясында бастады. 
– Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялап, бизнесмендерді қоғамға пайда әкелуге, ең алдымен туған жеріне көмек көрсетуге шақырды. Бүгінгі таңда әлеуметтік жауапкершілік кәсіпкерлік қызметтің ажырамас бөлігіне айналуы керек. Менің ойымша, әр адам, мейлі, бизнесте немесе басқа салада болсын, өзінің мүмкіндігіне қарай қоршаған ортасына пайдасын тигізіп, көмек көрсетуі тиіс, – дейді кәсіпкер.
Қуанышбек ағаның кәсібі металл құрастырылымдарын шығарумен байланысты. Текелідегі цехында металл және түрлі қорытпадан бұйымдар дайындайды. Балалар алаңқайы кәсіпкердің алғашқы қайырымдылық жобасы емес. Ол ағаш пен металлдан жасалған жиһаздарды сыйға тартып отырады. 
Кәсіпкерлер палатасының Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов: «Текелінің бизнес қоғамдастығы барлық бағыт бойынша әлуметтік жауапкершіліктерін көрсетіп келеді. Мысалы, жаңа жыл алдында іскер әйелдер «Текелі Асар» қайырымдылық жобасын бастаған. Адамдар сатып алған заттарын қала дүкендерінде арнайы жасалған сөрелерге қойып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға көмектесе алады. Кәсіпкерлер жас спортшыларды қолдап, республикалық және халықаралық біріншіліктерге қатысуға демеушілік танытады», – дейді
Текелілік кәсіпкерлер мүмкіндігі шектеулі балаларды да өз қамқорлықтарына алған.

Айгүл Байжұмақызы
Текелі қаласы