Әжем, жарықтық «Тар пейілге – дүние тар, кең пейілге – лашық та кең» деп отырушы еді. Сіз қанша талпынсаңыз да Құдай пейіліңізге береді, пиғылыңыз жаман болса пешенеңізге жазғанды да ала алмайсыз. Бала көңіл бәтуәлі қарттың бұл сөзін сол кезде бағамдамаған екен.
Кейін маңдайға тиді. Адамның тағдыры түзу жол емес, бұралаңы мен бұлғағы көп шектеулі сапар. Сол құс тұмсығындай қысқа сапарда мәңгі де мағыналы ғұмыр кешкіңіз келеді. Ол үшін не істеу керек?
«Кең пейілді кем болмас» деп кезегін күткен кермедегі аттай кісінеуге келмейді. Оған дүние көнбейді. Болмаса арам пиғылыңның аранын ашып, артынан Құдайдай кешірім сұрап аламын деп компроматтық қадам жасаудың қажеті жоқ.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың мына сөзіне құлақ қойыңызшы: «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек». Бұдан артық не айтуға болады?!
Мұхтар КҮМІСБЕК
Фото: Freepik