Жомарт жүрек ізгілікке үмтылар

Уақыты: 21.06.2018
Оқылды: 1393

«Мейірім танытпаған жанның мейірімге бөленбесі анық». Бұл берісі қазақ абыздарының, арысы дін ғұламаларының айтқан айшықты ойы. Тіпті, осы сарында бедерленген хадис бар. Ал әлімсақтан Құранға амал етіп, хадисті салтындай көрген текті елдің асыл қасиеттері жайлы сөз қозғаудың өзі шабытыңды шарықтата түсетіні бар. «Жасасаң қайыр, қарыз деп айтпа, жарқыным, қарыз ғып берсең керек те емес алтының», – деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, арда жұрт жақсылықты ақы алу үшін жасамаған. Оны тарау да тарау тарихтан айқын аңғарамыз.

Қашан да қайырым жасау, мейірім танытуға құрақ ұшатын сол текті халық биыл Рамазан айын жақсы шығарып салды десек артық айтқандық емес-ау. Бір ғана жетісулық жамағаттың қасиетті ай мен Ораза айтында жасаған қайырымдылық шарасы ойымызға айқын дәлел. Мәселен, Рамазан айының соңғы күнінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкіл имамы Ардақ Оразбаевтың ұйытқы болуымен «Айт дастарқаны» атты қайырымдылық шарасы өтті. 
Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың сұлтаны Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Жердегілерге рақымдылық жасаңдар! Сонда көктегілер де сендерге рақымдылық жасайды», – дегеніндей, сан жүректі тулатқан, сан көңілді толқытқан «Айт дастарқаны» атты игі шараның әлқиссасын өңірдің өкіл имамы Ардақ Нүсіпханұлы құттықтау сөзімен бастады. Ол:
– Мың айдан да қайырлы бір түні бар, сауаптар еселенетін берекелі айды да есендікпен өткердік. Қасиетті ораза айт мерекесі қарсаңында сіздерге мешіт жамағаты мен имамдарының демеушілігімен айттық таратқалы отырмыз. Күллі мұсылманның ең мерейлі мерекесінде сіздердің де дастарқаныңыз тәттіге толып, жайнап тұруы керек. Осы мақсатта ұйымдастырылды бұл шара, – деп игі істің мәні мен мазмұнына тоқталып өтті. Одан кейін тұрмыс жағдайы төмен, көп балалы отбасылар мен жетім-жесірлерге, нақтырақ айтсақ 200 отбасына азық-түлік салынған айттық сый үлестірілді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Жақсылық жасаңдар, қайырымды болыңдар», – деген өсиетіне һәм өміршең дәстүріне сай іс қылған өңір имамдары мұнымен шектеліп қалмады. Ораза айт намазының қарсаңында Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешітінде Алланың жердегі үйін ақысыз-пұлсыз тазалап әрі қариларға үш уақыт тамақ әзірлеп жүрген Земфира Нұралбековаға құны 700 мың теңге тұратын «темір тұлпардың» кілті табыс етілді. Көлік қаржысы Рамазан айындағы зекет пен қадір түнінде берілген садақадан түскенін айта кеткен жөн. Бұл орайда игі шарада сөз алған өңірлік өкіл имамның: «Бұл көлікті алуда жамағаттың мешітке берген садақасынан бір тиын кемітілген жоқ, барлық ақша осы бір игі іс үшін жұмсалды», – деген сөзін де оқырман назарына ұсына кетуді жөн санадық.
Жасыл желегі жұпар аңқытқан, мұсатыр мұзы мәңгілік суатқа айналған жер жаннаты Жетісуда қайырымдылық ісі сол уақытта кезең-кезеңімен жалғасып жатты десек әсірелеу мен әспеттеуге бойұрғанымыз емес. Оған дәлел де бар. Панфилов ауданындағы Үлкен Шыған  ауылында Рамазан айында Құранды толығымен оқып шыққан Ахметжан қариға мешіт жамағаты атынан тағы бір «темір тұлпардың» кілті табыс етілген-ді. Осылайша жаратушының мейірімі мен рахымы толассыз төгілер айдың соңында, ұлық мерекенің басында жетісулық жамағат қайырымдылықтың ерен үлгісін көрсеткендей болды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ