ЖАҚСЫЛЫҚ ЖЕМІСІН БЕРЕДІ

Уақыты: 24.12.2018
Оқылды: 1452

   Марк Твеннің «Жақсылық – бұл кереңнің ести алатын, соқырдың көре алатын дүниесі» деген сөзі бар. Осы тұрғыда балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын құр жібермей, өнерге, әдебиетке, спортқа баулып, соларды дайындау үшін аула клубын ашып, еңбек істеп жатқан бір жан бар. Ол «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының төрайымы Дания Қыдырбаева.

 

– Мен бала кезімнен арманшыл, алдыма мақсат қоя білетін және сол жолда тәуекелге көп бел буып кірісетін жанмын. Әке-шешем Қапалдағы қарапайым шопандардың бірі болды. Ал біз – екі қызы тәрбие беріп отырған жандарды ұятқа қалдырмауға тырыстық. Бала жастан іздендік, оқыдық. Алланың бізге берген қабілеті, таланты шығар, біз бір емес, бірнеше өнерді игердік. Менің әпкем керемет суретші, құйқылжытып ән салса ел тамсанатын дауысы болды, бұралып билесе жұрт таңғалатындай еді. Әрине, алыс ауылда өнеріңді толық көрсетуге мүмкіндіктер шектеулі. 
   Есімде... бүгінге дейін әр қимылы есімде. Теледидардан балет көрсетті. Соны солармен қайталап жүріп-ақ үйреніп кеткенім. Тағы бір қызықты айтайын. Газеттен буынсыз адамдардың іс-қимылы көрсетілген суреттерді көрдім. Біреу орындықтың үстіне екі қолын қойып, екі аяғын артынан алдына алып келіпті. Соны жасау үшін қанша мәрте жығылып-тұрдым. Бірақ соны ешкімнің көмегінсіз, өзім-ақ үйрендім. Адам еңбектенсе алмайтын асуы болмайтын сияқты. Оның үстіне еңбек адамды ажарландырады, – деп әңгімесін бастады «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының төрайымы Дания Қыдырбаева. Бастапқыда төрт-бес баланың басын қосқан аула клубында бүгінде он үйірменің әрқайсысында жиырма-отыздан жалпы саны төрт жүзге жуық бала бар. Клуб тарихына тоқталып, сол кезеңдегі сәттерін еске алған Дания Сәлімбайқызының сөзін бөлмей, ұйып тыңдадым. 
– Аула клубын ашуға себеп болған жағдай өте көп. Біріншісі, мен бала кезімде өнерімді толық көрсете алмадым. Қапалда үйірмелер болмады. Сол олқылықтың орнын толтыру болды. Екіншіден, тұңғышымды кішкентай кезінде апаратын қазіргідей аула клубтары, тіпті әр бұрышта орналасқан ойын-сауық орталықтары жоқ. Бала ой-өрісін дамыту үшін қатарластарымен ойнау керек, сөйлесу керек. Жалпы бала құрсаққа біткеннен сенің сөзіңді естіп, іс-қимылыңды біліп отырады. Екінші балама аяғым ауыр болған кезде ұлым құрсақ тұсыма келіп ән айтатын. Бір әнді айтуды мен босанғанға дейін жалғастырды. Қызымды қолыма алып келгенімде, бесікте жылап жатқан бала ұлымның дауысын естісе, сап тыя қояды. «Мені таныды» деп ұлым да қуанып қалады. Жалпы аула клубын ашуға негізгі себеп осылар. Басында өзім тұратын үйдің ауласында ойнап жүрген балаларды жинап алып, қызықты әңгіме айтамын және айтқызамын. Өзім аспан денелеріне қызыққаннан кейін, әр жұлдыздардың атауларын айтып, өздері ізденсін деп «әке-шешелеріңнен» сұраңдар деп те тапсырма беріп жіберемін. Содан басталды ғой. Барлығына өз қаражатым кетті. Бәрін бірден үлкенінен бастайын десең де, қолыңда қомақты қаражат жоқ. Айлықтан айлыққа өмір сүріп отырып, осы ойды жүзеге асыруға тәуекел еттім. Менде таңдау болды. Бұл қызметке дейін  мен «Қазақтелекомның» бөлімшесінде жұмыс істедім. Менің қазір мемлекеттік қызметкер болып, болмаса бизнес-леди болуға шамам келді. Мен осы жолды таңдадым және өзіме ұнайды. Жанымды рахаттандырады.   
   Әкем мен шешем шопан болғанымен, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар еді. Әкем көктегі жұлдыздардың әрқайсысын танып, айтып отыратын. Соған қарап күн райын да болжайтын. Содан болар, мен де бала кезден астрономияға әуес болдым. Жұлдыздарды қызықтап кеш ұйықтап, темірқазықты көру үшін ерте тұратынмын. Ұлым да соған әуес болды. Ал қызым биге икемді еді. Қазір екеуі екі салада. Ұлым Бейжіңде оқыды, қазір сол жерде жұмыс істеп жатыр, болашақта елге келіп қызмет етпек. Ал қызым қаржы саласы бойынша биыл ҚазҰУ-ды бітірді.       Сөз арасында 2010 жылдың көктемінде Қызылағашта болған оқиғаны есіне алды. Сол сәтте Пекинде оқып жүрген ұлы бас болып, қазақ студенттерінің басын қосып, арнайы киім-кешек, басқа да керек-жарақтарды беріп жібергенін айтты. Көзіне мөлдіреп келген жасты да байқадық. Бұл – ананың сүті, әкенің қаны арқылы ұрпағына сіңген қамқорлық, жанашырлық атты ұлы қасиеттің көрінісіне деген ризашылық пейілдегі мөлдір жас деп қабылдадық. – Үйдегі ағаң болмаса, білмеймін. Сол ағаңның қолдауымен осылай шапқылап жүрмін. Ресми клубты ашқанымызбен бастапқы төрт жылда жекеменшік пәтерімде қызмет жүргіздік. Үлкен клуб болғаннан кейін аясы тар жерде балалардың бар мүмкіндігін ашуға кедергі сияқты көрінетін. Жүгіріп жүріп мінекей, 2011 жылы Талдықорғандағы Мағжан Жұмабаев атындағы №19 мектептің жертөлесіне орналастық. Бастапқыда, шыны керек, қараңғы бөлмелер, көзге қораш көрінетін көріністер-тұғын. Ақырын реттедік. Біраз жылдар өткеннен кейін сол кезде облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Жақсылық Омар клубымызды аралап көріп, жөндеу жұмыстарына арнайы қаржы бөлдіртті. Жөндеуден өтті. Алайда ол кісі кеткеннен кейін соңғы реттеу жұмыстары тоқтады. Өткенде облыс әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы шет жағасын айтып едім, келіп көруге уәдесін берді. 
   Рас, айтқаннан гөрі, келіп көрген әлдеқайда әсерлі, түсінікті. Бүгінде аула клубы тек қана өз араларында ән-би кештерін ұйымдастырып қоймай, балаларға арналған қойылымдарды да өз өнер қоржындарына қосқан. Аптасына бір пысықтап отырады. Келешекте мектеп-мектепті аралап, аудандағы, облыстағы үлкен сахналарда көрсетсек деген жоспарлары бар. Қосымша, ауруханада жатқан балаларға да он күнде бір рет қойылым көрсетіп тұрады. Ондағы мақсат: ауырып жатқан балаға жігер беру. «Мүшелтой» балалар мен жасөспірімдер клубының төрайымымен сұхбаттасып отырғанда қызметкерлері ауруханадан келіп жатты. Мұсылманның басқа мұсылман алдында бес ақысы болса, соның бірі – науқастың көңілін сұрап бару, дәл осы жерде көрініс тапқан. 
– Бізде балаларға жағдай толығымен жасалған. Бұл жердегі үйірмелердің барлығы – тегін. Қазір мүмкіндігі шектеулі балалармен де жұмыс істеп жатырмыз. Клубта дәл осындай отыздан астам шәкіртіміз бар. Әр үйірменің жеке бөлмесі және мәжіліс залы бар, – деп, клубтың ішкі құрылымына да тоқталды – Баланың тәрбиесімен айналысатын – ана. Қыз – болашақ ана. Осы тұрғыда да көптеген істер атқарып жатырмыз. 2008 жылы Талдықорғанда қыздардың тәрбиесін үйлестіру орталығын аштық. Негізгі жұмыс –  мектепте. Бүгінде қыздар кеңесі әр білім ордасында жұмыс істейді. Арнайы мамандармен жүздесу де жиі болып тұрады, – дейді Дания Сәлімбайқызы. Бүгінгі қоғамдағы негізгі мәселе де осы. Ғаламторда ашылып, шешініп ұнауға тырысатындар көбейді, оқушы жастан жасанды түсік жасатып жатқандар бар, теріс діни ағымға ілесіп кеткендер де аз емес. Төрайымның айтып отырған кеңесі осы істердің алдын-алу мақсатында құрылған.   
   Кейде қызмет орнымдағы терезеден зәулім үйлер алдын жауып тұрса да, №19 мектепті көз салып іздеймін. Бүгінде бір балаға қуаныш сыйлап, оның өмірін оң бағытқа өзгерткен шығар...

Серік ҚАНТАЙ.