Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 290

   Талдықорғандағы «Қамқор» балалар үйінде игілікті шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Ұл-қызымызды тәрбиелеп, қоғамға бейімдеп жатқан мейірімді жандарға айтар алғысымыз шексіз.

 

   Балалар үйінің тәрбиешілері мен басқа да әлеуметтік көмек көрсетушілері әрбір жанды өз баласындай мәпелеп,  ата-анамен бірлесе жұмыс істеуде. Қамқорлығындағы балалардың кейбір айтқанға көне қоймайтын мінез-құлықтарына шыдамдылық танытып, күтіп-баптап жүрген төзімділіктеріне басымызды иеміз.  Бала – бауыр етің. Көзіміздің қарашығындай бүлдіршіндеріміздің қас-қабағын бағып жүреміз. Сонда балалар үйіндегі ерекше күтімді көріп, көңіліміз марқайып,  қуанып қайтамыз. Қашан көрсең  ас-суларын уақытында беріп, төсек-орындарын жиі ауыстырып тұрады. Денсаулықтарында ақауы бар балаларды  спорттық, мерекелік шараларға қатыстырып, қол ұшын созып жүрген тәрбиешілердің  еңбегі ерекше. Олардың  әдіс-тәсілдері  ғылымға негізделген. Нәтижесіне күнде куә болып жүрміз. 
    Біз  олардың қарнын тойдырғанымызбен денсаулығын қалай түзеу керектігін   білмейміз. Ортаға  бейімдеуді қабыстыра алмай дал боламыз. Тығырыққа тірелген ата-аналарды түсініп, балаларды өмірге, ортаға бейімдеуді мойнына алған ақжүрек жандарға  алғысымыз шексіз. 
      Бүлдіршін шағынан кемтарлықтың қамытын киіп, жүріп-тұруы мен сөйлеуі  қиындық тудырған  балдырғандарымызды тәрбиелеп,  өздері өмір сүруге бейімдеп жатқан  қызметкерлердің еңбегіне жеміс тілейміз. 
Орталық қызметкерелері балаларды әлі де талай жетістіктерге жеткізіп, бақытты балалық шақтың бал дәмін татқызады деп сенеміз. 

«Қамқор»  балалар үйінің ата-аналары