Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫМЕН ҚУАНТТЫ

Уақыты: 12.02.2019
Оқылды: 408

Әр адамның бойынан табыла бермейтін асыл қасиеттің бірі – өзгеге жақсылық жасау. Үлкенге құрмет, жасқа ізет көрсетіп,  қиналғанға көмек қолын созу – ежелден қанымызда бар қасиет. Осы асыл қасиетіміз атадан балаға аманат болып келе жатыр десек, оны алдымен жас ұрпаққа үлгі етіп көрсететін алдыңғы буын ағалар. Осындай көпке үлгі болып, қиналғанға қол ұшын созып, жақсылық жасауды парызы санайтын ағалардың бірі – Әли АЛПЫСБАЕВ.

 

Облыста «Кең дала» атты қайырымдылық акциясы басталды. Акцияны ұйымдастырушы – есімі республикаға танымал музыкант, композитор, дирижер,   М. Төлебаев атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің жетекшісі, жаны таза, жүрегі жұмсақ, тыңдарманын әуезді музыкамен жан рахатына бөлеп жүретін Әли Демегенұлы бұл жолы материалдық көмек көрсетті. Ұжымымен ұстаздар қауымына бір тонна қант таратып, ел алғысын алды. Олардың басым көпшілігі көпбалалы отбасы мен жалақысы аз қамтылған қызметкерлер. Әр отбасына бір қап қанттан таратып, қайырымдылық акциясын бастап берді. Өзінің айтуынша, мұндай акцияның өтуіне ең бірінші облыс әкімі Амандық Баталовқа алғыс білдіру керек. Аймақта қант қызылшасын өсіруді дамытып, тұралап қалған зауыттарды іске қосты. Нәтижесінде, шаруалардың ісі өрге домалап,  Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіру қайта жанданды. 

Альфира Ақтаева, М. Төлебаев атындағы оркестрдің мүшесі:
– Біз Әли Демегенұлына алғысымызды білдіреміз. Мұндай игі іс жалғасын табады деген үмітіміз мол. Өзгеге жақсылық жасайтын жомарт жандар көп болса екен деген тілегіміз бар. Әрине, біреуді қуантқанға не жетсін?! Одан асқан бақыт жоқ. Сондықтан, өзге де жомарт жандарға акцияға атсалысуға шақырамын, – деп пікірін білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ.