ТАЛДЫҚОРҒАН: "СТАТУСТЫҢ" ДИРЕКТОРЫ ҮШ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 30.03.2019
Оқылды: 1767

Жақсылық үлкен немесе кіші болып бөлінбейді. Қайырымды істің қашанда қайырлы болары ақиқат. Бұл істе ең бастысы – ізгі ниет. Осындай ізгілікті іс жасауды өзінің адамгершілік парызы мен азаматтық міндеті санайтын мәрт жандардың қатары көп. Соның бірі - талдықорғандық кәсіпкер, «Статус» ойын-сауық кешенінің директоры Асқар БІЛӘЛОВ.

 

ҚОС БӘЙТЕРЕГІМЕ АЛҒЫС 

– Әкем Жапар мен шешем Шәмшия өмірге бес перзент алып келді. Бәрімізді оқытты, тоқытты. Қатарымыздан кем қылмады. Әкеміз өте салмақты, салиқалы жан еді. Ешқашан дауыс көтеріп сөйлеп көрген емес. Балалықпен қателік жасап қойсақ айғайлап ұрысу, ұру дегендей артық қылықтарға бармайтын. Балаға әке мектебі мықты тәрбие береді. Ата-анамның берген тәлімі мен тәрбиесінің нәтижесінде бүгінде көп жетістікке қол жеткіздік. Ісіміздің оң бастау алғаны әуелі Жаратқанның, содан кейін қос бәйтерегімнің арқасы. Мен ес білгелі әкем: «Ұлым, әр ісіңе жауапкершілікпен қарағын. Артылған сенімге сызат түсіруші болма. Ең бірінші, абыройлы адам бол. Қандай шаруаны бастасаң да ынтаңмен беріліп атқарғын», – деп отыратын. Қиналған сәтте әкемнің осы ақылын еске түсіремін. Мен үшін ең үлкен білім ордасы – әкемнің мектебі еді. Ал қазақ әйеліне тән барлық асыл қасиетті тұла бойына жыя білген анамдай асыл жан өмірде жоқ десем, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды.

Бұл әкеге деген сағынышы жүрегінің түкпіріне сақталған, ананы құрметтейтін саналы перзенттің жүрекжарды сөзі. Асқардың әкесі Жапар Біләлов белгілі журналист болған. Тіршілігінде ешкімнің ала жібін аттамай, адал еңбегіне ғана арқа сүйеп өткен ол асқаралы алпыс жасқа толар шақта өмірден өтті. Ал шешесі Шәмшия ұлағатты ұстаз мамандығында қызмет атқарды. Бар мейірімін отбасының игілігіне, балаларының бақытына, жас ұрпақтың білім алуына арнаған аяулы жан.

Шаңырақтың тұтқасы – отағасы. Түздегі сан алуан шаруа, тіршіліктің ауыр жүгі қашанда үй егесінің иығына түседі. Азаматың АРЛЫ, қоршаған ортасына ҚАДІРЛІ, арзанды көріп АЗБАЙТЫН, қызылды көріп ТОЗБАЙТЫН, дәтіне БЕРІК, ЖІГЕРЛІ, ҰСТАМДЫ болып келсе, ЖАНЫП ТҰРҒАН БАҒЫҢ деген дана қазақ. Міне, осынау қасиеттердің барлығын бір бойына жыя білген Асқар тамырын тереңге жайған отбасының тірегі, балаларының асқар таудай әкесі.

Бұл шаңырақта бала тәрбиесіне әке де, ана да жауапты. Әкесі оларға адам болып өмірге келгендіктен адам болып ғұмыр кешуді, үлкенді сыйлап, кішіге құрмет көрсетіп, жалған сөйлемеуді үйретсе, анасы ең бірінші ӘКЕНІҢ қас-қабағына қарау қажеттігін жиі айтады. Міне, отбасындағы әкенің беделі осындай дана аналардың арқасында биіктейді.

БИЗНЕСТЕ АДАЛДЫҚ КЕРЕК

– Отбасын құрған соң түрлі жұмыс жасадық. Кейін Алматы – Талдықорған бағыты бойынша көлік жүргізушісі болдым. Зайыбым базарда саудамен айналысты. Арасында көліктерге қажетті құрал-жабдықтарды сатып жүрдім. Кейіннен осы істің көзін тауып, отбасымызбен ақылдаса келе бизнеске аяқ бастық. Араға біраз уақыт салып қала тұрғындары демалатын орын аштық. Шетелмен байланыс орнатып, демалыс орнына келген қонақты не қызықтыратынын жан-жақты зерттедік. «Тәуекел түбі – желқайық» деп осы іске білек сыбана кірістік. Қазір келушілердің басым көпшілігі ризашылықтарын білдіріп жатады. Бұл өз кезегінде бізді де қанаттандырып отырады. Кәсіпкерлікте ең әуелі ТАЗАЛЫҚ, АДАЛДЫҚ болуы керек. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп тер төкпестен, алдап-арбау, түрлі қулық-сұмдық жасаумен тапқан дүниенің қайыры болмасы белгілі. Адам баласына өмір сүру үшін аздаған болса да қаржының, мал-мүліктің қажеттігі анық. Алайда, бұл жолда адамның туралықтан тайқып кетуіне, қандай да бір адасушылықтарға жол берілмеуі тиіс. Ең бастысы – адам бойында имандылық пен ынсап болуы керек. Кейде дені сау, қол-аяғы балғадай азаматтардың жұмыс істеуге мойындары жар бермей, «алма піс, ауызыма түс» деп жеңіл жолмен нан табуға тырысып, түрлі алдау-арбауға жол беріп күн көретіні қынжылтады. Мұндай адамдардың құйтырқы әрекеті өзіне ғана емес, өзгеге де зиянын тигізеді.

Ар алдындағы адалдықты бірінші орынға қойған біздің кейіпкердің өмірлік ұстанымы да осы. Кәсіппен айналысу қажырлы еңбек пен үлкен төзімділікті талап ететінін айтқан кәсіпкер әр қызметкеріне баса көңіл аударатынын жеткізді. Оларға үнемі: «Жауапкершілік бәрінен жоғары. Жұмысқа келгенде мерекеге келгендей көңіл-күймен келіңіздер», – деп ескертуден шаршамайды. Оның ойынша, біреуге жалданып тау қопарып, тас уататын ауыр жұмыстарға жегілсе де, арқалап отын тасып, аула сыпырса да ең бірінші кезекте нанын адал тауып жеуге ықылас танытуы тиіс.

Бүгінде ол елуден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Әрқайсының отбасылық, әлеуметтік жағдайын түсініп, қолынан келгенше көмектесуге тырысады. Осы уақытқа дейін ренжісіп, ұрсысып жұмыстан кеткен ешкімнің болмағандығын басшының адамгершілігі мен қарапайымдылығының нәтижесі деуге болады.

Қаладағы «Статус» ойын-сауық кешеніне келушілердің көп екені айтпасақ та белгілі. Өйткені, қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасы жоғары. Бұл арада қызметкерлерінің біліктілігін де ерекше атап өткен жөн. Асқар мен зайыбы Гүлнәр қонақтардың жақсы демалып қайтуына бар жағдайды жасауда. Отбасылық кәсіпті дөңгелетіп жүрген олар барлық ауыртпалықты бірге көтеріп, жетістікке бірге жетіп жүргендеріне қуанады. Сыйластықтан құрылған отбасының да, ізгі мақсаттан бастау алған кәсіптің де толағай табысы мен берекелі жемісі ұзағынан болсын дейміз.

Индира ҚАРАБЕКОВА, 
8 баланың анасы: 

– Баспана біздің ең өзекті мәселеміз болған еді. Ешқашанда өз үйіміз болады деп ойламаған едім. Аз уақыт ішінде Асқар мен Гүлнәр біздің отбасымыздың тірегіне айналды. Балаларым да ол кісілерге бауыр басып қалды. Үш жасар кенже   ұлым қалаға алғаш рет барып қайтты. Бізге жасаған  жақсылығын ешқашанда ұмытпаймыз. Балаларым өмірге  келгелі пәтер жағалап жүрміз. Жомарт жан осындай тосынсый жасайды деп үш ұйықтасам да түсіме кірген жоқ. Барлығы  көрген түстей болып жатыр. Балаларымның қуанып жүргенін көріп өзімді сондай бақытты санаймын. «Үйтас» саяжайында тұрып жүргенде ауызсуды өзеннен тасысақ, қазір су үй ішінде. Осы көріністі көрген сайын көзіме жас аламын. Қоғамдық көлікке отыра қалсам көпшілік құттықтап, кәсіпкердің мәрттігіне риза болады. Біздің өміріміз қатты өзгерді. Енді балаларым жеке бөлмеде ұйықтайтын болды. Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз. Жаратқаннан осынау қайырымды отбасыға амандық сұраймын. Көрсеткен қайырымдылығы үшін аналық жүрегіммен алғыс айтамын.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ

– Анам үнемі: «Жақсылық жасаңдар, қайырын өздерің көресіңдер», – деп отырады. Ол кісінің әр сөзі біз үшін алтыннан да қымбат қазына. «Аз жақсылық – ақылды тең етеді. Көп жақсылық – ақылды кең етеді». Міне, аз да болса жақсылық жасасақ жүрегімізге мейірім, махаббат ұялап, өмірге деген көзқарасымыздың өзі өзгеріп сала беретінін кейде байқамаймыз. Жақында көпбалалы отбасына пәтер кілтін ұсындық. Балалардың қуанғанын көрген анам да, зайыбым да көздеріне жас алды. Бұл менің өмірдегі еш өкінбейтін ісім болды деп айта аламын. Елімізде түрлі жағдайда өмір сүріп жатқан отбасы көп. Олардың бәріне көмектесу мүмкін емес. Бірақ әр адам шама-шарқы келгенше жақсылық жасап, тіршілік тауқыметін көріп жүрген балдырғандарға жол көрсетіп, үлкен өмірге талпындырса, жақсылықты, қамқорлықты көрген ол баланың жаман жолға түспейтіні белгілі. Бұл ісімізге анам да, туған-туысым да қатты қуанды. Менің өзім де ана мен балаларды қуантқаныма қуандым.

Бұл Асқардың бірінші қайырымдылық ісі емес. Осыған дейін де ол 160 балаға жаңажылдық кеш өткізуге мұрындық болған. Достарымен бірге балаларды жинап, бағалы сыйлық алып, естен кетпес кеш ұйымдастырғанын да ерекше атап өткен жөн.

Жақсылық жасауды жаны сүйетін ерлі-зайыпты көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуді қолға алған. Сөйтіп жүріп Қарабековтар әулетімен танысады. Сегіз балалы отбасының отанасы Индираның адамгершілік қасиетіне риза болған олар бірнеше рет балаларға базарлық ала барғанда оларға өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайды. Тағдырдың ауыр жүгін арқалау отанасы мен он жеті жасар тұңғыш ұлға артылған отбасы өзінше бақытты. Барға қанағат, жоққа сабыр сақтап жүрген шаңыраққа қолдаудың керектігін түсінген олар көрші-қолаңдардың бұл отбасы жайлы пікірін біледі. Барлығы оң пікір айтып, балалардың тәртібі мен тәрбиесін мақтайды. Кәсіпкер ойлана келе баспана тауқыметін тартқан отбасыға үш бөлмелі, жартылай жиһаздалған пәтер сыйлайды.

Бүгінде Индира Қарабекованың отбасымен тығыз байланыс орнаған. Қолы босай қалса балаларға тәттісін алып, сол отбасыға асығады. Балалар да Асқар мен Гүлнәрға бауыр басып үлгерген. Алдағы уақытта Асқар Жапарұлы көпбалалы анаға облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы арнайы мамандықты оқытуға, кейін мамандығына сәйкес өз ісін бастауға көмектеспек. Жеткіншектердің қамқоршысы һәм ақылшысына айналған біздің кейіпкер балалар өсіп, білім алып, қызмет жасағанша көмектесетінін айтты. 

Жомарт жүректі жанның игі шаруасы көпбалалы ана мен көздері бал-бұл жанған балалардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырды. Кейіпкеріміз бұл қайырымдылық жасауға өзге азаматтардың үлгі болғанын айтқан еді. Олай болса, Асқардың ісінен үлгі алатын азаматтардың да қатары көбейсін деп тілейміз. 

Еңлік КЕНЕБАЕВА