БІЗ АРЫСПЕН БІРГЕМІЗ: 15 ТОННА ҰН ЖӨНЕЛТІЛДІ

Уақыты: 26.06.2019
Оқылды: 1496

Тосыннан келген қиындықтың зардабын көріп отырған арыстық ағайынға демеу болсын деген ниетпен «Жетісу өңірі – Арыспен бірге» атты акция ұйымдастырылуда. Соған орай жетісулықтардың сәлемдемесі тиелген он шақты жүк көлігі Түркістан облысына жол тартты.

Ұзынағаш ауылы маңынан өтетін күрежол бойына аялдаған автокеруенді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев, Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиев бастаған бір топ азамат сәттілік тілеп шығарып салды. Ұйымдастырылған гуманитарлық көмектің ішінде 60 миллион теңгенің тауары, азық-түлік, сусындар, тағы басқа бірінші кезекте қажетті заттар бар. Оның ішінде 15 тонна ұн, 7 тонна қант, кеспе, күріш, балалар мен ересектерге арналған киім-кешектер, құрылыс материалдары салынған. Бұған жиырмаға тарта ірі компания атсалысқан. Сонымен қатар, қарапайым азаматтардың да үлесі бар.

– Партия бастамасымен қолға алынған шараға бүкіл Жетісу жұртшылығы атсалысуда. Қазір облыс бойынша 23 көмек орталығы ашылып, жұмыс істеуде. Онда Арыс тұрғындарына көмек ретінде арнап әкелінген заттар қабылдануда. Автокеруен әлі де жалғасады. Бюджеттік мекемелер мен кәсіпкерлер, жеке ұйымдар, азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институттары кешелі бері бір күндік жалақыларын көмек қорына аудару үстінде. Облыста 150 баланы қабылдауға жазғы демалыс лагері бүгін келем десе де дайын тұр. Арыс қаласының халқын сабырға шақырамыз, – деді Ғ. Төлендіұлы.

Жылу жеткізуге асыққан сапаршыларға ауданның Құрметті азаматы Қырғызбай ақсақал Атагелдиев сәт-сапар тілеп, батасын берді.

Серік САТЫПАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы