"МЕЙІРІМДІ БОЛАЙЫҚ": ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ ОҚУШЫЛАР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 23.12.2019
Оқылды: 1944

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің еріктілері көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар үшін қайырымдылық шыршасын ұйымдастырды.

Барлығы 87 бала жасыл шыршаны айналып, Аяз ата мен Қарша қызды шақырды. Ертегі кейіпкерлерімен қызықты кеш өткізді. Өнерлерін ортаға салып, сыйлықтар алды.

Қоғамға қызмет көрсету әлеуметтік жобалар шеңберінде мектеп еріктілері «Айналайын» балалар үйінің, «Бәйтерек» оңалту орталығының, «Бөбектер үйінің» тәрбиенушілеріне және «Ана үйі» мекемесіне мерекелік сыйлықтар тапсырып, жаңажылдық көрініс қойды. Қызықты ойындар, оқушылардың өнері, флеш-моб пен әндер жаңа жыл кешінің қонақтарына ғажап көңіл-күй сыйлады.

- Кез келген адам нағыз Аяз ата болып, кішкентай бүлдіршінге жаңажылдық қуаныш сыйлай алады. Қоғамға риясыз қызмет етіп, пайда әкелетін тек еріктілер ғана емес. Оны осы отырған әрқайсымыз жасай аламыз, - деп 9-сынып оқушысы Дамир Қабылбек өз пікірімен бөлісті.

Зияткерлік мектеп қабырғасындағы аталмыш «Мейірімділік шыршасы» атты қайырымдылық акциясы екі ай бойы жалғасты. Ата-аналар, мұғалімдер мен оқушылар киім-кешек, ойыншықтар, кітаптар, тәттілерді жинап, мұқтаж жандарға таратты.

- Бір-бірімізге мейірімді болайық. Ең бастысы, біз қаламыздың кішкентай тұрғындарына бар шапағатымызды төгуіміз керек. Менің ойымша, мұндай әрекеттер біздің өміріміздің бір бөлігіне айналуы керек, - дейді 11-сынып оқушысы Мөлдір Бураханова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы