"ЖАЛҒАСА БЕРЕДІ": ТАЛДЫҚОРҒАН ДРАМА ТЕАТРЫ БАЛАЛАРДЫ ҚУАНТТЫ

Уақыты: 24.12.2019
Оқылды: 2110

Шырша мерекесі қарсаңында Бикен Римова атындағы Алматы облыстық драма театры оңалту орталығының балаларына арнап «Сиқырлы айна» қойылымын ұсынды.

Қайырымдылық шарасына «Бәйтерек» және «Үміт» оңалту орталығының бүлдіршіндері, «Қамқор» балалар үйі, есту, сөйлеу қабілеті нашар балалар интернатының тәрбиеленушілері шақырылды.

Театр директорының орынбасары Ғалия Темірбаеваның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларға қуаныш сыйлау болашақта да жалғаса береді. "Барлық бала бақытты болуға лайықты. Жас өскінді қоғамнан алыстатпау керек. Балалардың шаттанғанына біз де қуанып отырмыз. Көрермендердің жағдайына қарай қойылымды қысқартыңқырап беруге тырысамыз. Барлығы бүлдіршіндердің қуанышын еселеу үшін жасалып жатқан жағдай", – деді ол.

«Сиқырлы айна» балалардың көңіл-күйін көтерді. Аяз Ата мен Ақшақар сахнаға шыққанда ұл-қыздар шапалақ ұрып, мәз-мейрам болысты. Ертегі кейіпкерлері театр ішін қуанышқа бөледі. Сахнаға орманда жүретін аңдар шығады. Түлкі, қоян, аю, мысық Жаңа жылды күтіп отырады. Бірақ үнемі зұлымдық ойлап жүретін мыстан кемпір осы жолы да сиқырлы айнаға қарап отырған орман аңдарын алдап соғуға әрекет етеді. Десек те, әділдік пен ізгілік түбінде жеңіске жетеді. Өмірдегі негізгі мақсат та сол, адамдар ізгілікпен, бір-біріне деген мейіріммен ғана мәңгі жасайды. Балалар қойылымнан адамгершілік пен парасаттың не екендігін ұғынып, әдемі әсерге бөленіп тарқасты.

Ғалия Әмірқамзақызы Президент шыршасына орай балақайларға тағы бір қойылым қоятындарын айтты. Ертегіні негізінен жақсылық пен жамандық жасайтын кейіпкерлер сомдайды. Мұндағы айтайын деген негізгі ой – түптің-түбінде әділдіктің жеңетіндігін жеткізу. Мақсат – балаларды мейірімділікке тәрбиелеу. Қайырымдылық акциясындағы «Сиқырлы айна» ертегісі де адалдықтың салтанат құруымен аяқталады. Балалар да жаңа театр мен көңіл сергітер ертегіні тамашалап, жүздері бал-бұл жанып шықты.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Фото - Айдын НҰРШАНОВ

Алматы облысы