КОРОНАВИРУС: БАС МҮФТИ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫН ҰЙЫМДАСТЫРЫП ЖАТЫР

Уақыты: 28.03.2020
Оқылды: 1972

Адам баласы үшін қайырымдылық жасау – ізгі істердің ең абзалы. Қазіргідей үміт пен күдік қатарласа орын алған алмағайып кезеңде мұқтаж жанның қажеттілігін орындаудың сауабы жоғары болмақ. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы қолға алынып отыр.

Еліміздің барлық аймағының жұртшылығы жақында карантин жарияланған Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында тұратын көпбалалы, аз қамтылған немесе жалғызілікті қарттар мен сүйеушісінен айырылған жетімдерге көмек ретінде арнайы азық-түлік себетін дайындап жатыр.

Атап айтқанда, республикалық «Зекет» қорының барлық облыстағы бөлімшелері арқылы Ақмола, Атырау, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының, Семей, Жезқазған, Өскемен аймақтарының жұртшылығынан жиналған жылу Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілсе, Алматы қаласына Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда облыстары мен Талдықорған өңірінің тұрғындары ұсынған қайырымдылық заттары таратылады.

Иә, мұндай игілікті істің қайыр-берекеті көп болып жұмылғанда ғана артып, тиетін сауабы еселене түседі. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі, 215-ші аятында Жаратқан Алла Тағала: «Кімге қандай жақсылық жасасаңдар, Алла тағала оны шүбәсіз біледі», – деп қылған қайыр мен жасаған жақсылықтың есебі қараусыз қалмайтынын ашық білдіреді. Мұны халқымыз: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл сөзбен түйіндеген.

Ендеше, құрметті ағайын, Жетісу жерінде қолға алынған игілікті істен шет қалмаңыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірлік өкілдігі барлық қалалар мен аудан орталықтарындағы мешіттердің жанындағы «Зекет» қорының бөлімшелері жылу жинауға кірісіп кеткенін хабарлайды.

Ел қатысқан жақсы қадамға қолдау білдіріп, қияметте сауабы бүтін берілетін игі іске ұйытқы боламын деген жандарға арнайы реквизиттер (суретте) көрсетілген.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы