АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛЕРІ МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСТІ

Уақыты: 30.03.2020
Оқылды: 1277

Алматы облысының кəсіпкерлері өңірдегі тұрғындардың əлеуметтік əлсіз топтары мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетуде. Бұл туралы Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде бизнесмендер өз жерлестеріне қамқорлық жасап, азық-түлікпен жəне бірінші кезектегі қажетті заттармен қамтамасыз етуге үлес қосуда.

- Ел тарихындағы осындай сын шақта, төтенше жағдай режимінде болған кезде біздің компаниямыз бей-жай қарап отыра алмады. Біздің Іле ауданы карантинге жабылған Алматы қаласымен шектесіп жатыр. Біз көптеген тұрғындардың Алматыда жұмыс істеп, сол жақтан осында келіп жұмыс істегенін түсінеміз. Осындай жағдайда қиыншылықта қалған отбасыларға көп ойланбай көмектесуді жөн көрдік. Биылғы жылдың "Biz Birgemiz" дейтін ұранына үн қосамыз! Отандастарымызды назардан тыс қалдырмаймыз, - дейді "ARKaz invest" ЖШС директоры Дəурен Жұмаділов.

Кəсіпкер 3000 азық-түлік пакетін дайындап, 10 ауылдық округтегі көмекке мұқтаж отбасыларға таратып берді.

Талдықорғанның бизнесмендері де қайырымдылық челленджінен тыс қалған жоқ. Қаладағы белгілі кəсіпкер, мейрамхана желісін құрушы, "Active business community" облыс орталығы кəсіпкерлерінің қауымдастығын басқаратын Дəурен Талипов əріптестеріне ұран тастады. Өз кезегінде кəсіпкерлер үн қатып, көпбалалы отбасыларға азық-түлік жағынан көмек берді. Сол сияқты олар Талдықорғанның маңына қойылған санитарлық пост қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, қала мейрамханаларының дəмді тағамдарын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"