ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ЕРІКТІЛЕРІ 71 ОТБАСЫҒА КӨМЕКТЕСТІ

Уақыты: 05.04.2020
Оқылды: 1319

Еліміздің түкпір-түкпірінде еріктілер игі іс атқаруда. Олар көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, ізгілік пен мейірімділікті паш етуде. Мәселен, бір ғана Еңбекшіқазақ ауданындағы жастардың жарқын істері жан жадыратады.

Ерікті жастар көпбалалы, жалғызбасты және тұрмысы төмен отбасыларды қажетті азық-түлікпен, медициналық бетпердемен қамтамасыз ету мақсатында қайырымдылық істерді жандандыруда. Ол туралы Еңбекшіқазақ аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев айтып берді.

– Күні бүгінге дейін ауданымыздағы 71 отбасыға 1 миллион теңгеден астам қайырымдылық көмек көрсетілді. «Біз біргеміз» акциясына аудан жастары белсене қатысуда. Олар осынау қиын-қыстау кезеңде әрқашан халықпен бірге екендерін тағы да бір дәлелдеді. Мәселен, Қанат Теңгебайұлы бастаған «Иманды жастар» және Данияр Нүсіпжанұлы жетекшілік ететін «Жақсылықта жарысайық» еріктілер тобының игі істеріне тәнтіміз. Еріктілер аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, қаншама шаңыраққа көмектесіп жатыр?! Соның бір мысалы ретінде, Ұзақберген Ерлан атты бүлдіршінніің еміне деп 500 мың теңге жинап берді. Бұл, әрине, айтуға ғана оңай. Ізгілікті іс ары қарай да жалғаса береді, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айбек Ілебаев

Еріктілер тобы енді тағы 50 отбасыға көмек қолын созуды жоспарлап отыр. Жүрегіне имандылық қасиеттерді сіңірген жас ұрпаққа қарап шүкіршілік етесің. Жақсы сөз, жақсы тілек, жақсы іс жамандық атаулыны алыстатады. Оған шүбәміз жоқ.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы