АКЦИЯ: ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРАБЫНЫҢ ІШІНДЕ ҚОЙДЫҢ БАСЫ ДА БАР

Уақыты: 09.04.2020
Оқылды: 1750

Республика аумағында түңлігін түрген «Біз біргеміз» акциясы Алакөл ауданында да жалғасын табуда. Талай тұрғынның тірсегінен қаққан төтенше жағдайда жомарттық танытып, қайырымдылықтың көшін сүйреген алакөлдік атымтайлар 429 шаңыраққа 13 миллион теңгенің көмегін көрсетті.

Көптеген жұмыс тоқтаған сәтте қалтаның емес, халықтың қамын ойлаған азаматтардың бұл ісі талай отбасыға қуаныш сыйлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындардың әлеуметтік әлісз топтарына ықпалдасуды көздейтін ұсынысын қолдағандардың қатарында «ZHERSU» корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, Сауат Мыңбаевтың демеушілігіндегі «Алакөл білім беру қоры» қоғамдық қоры, «Абдрахманов» ЖШС басшысы Елжан Абдрахманов және Балқаш ауданынан Алмас Қыстаубаевтың жетекшілігіндегі «Бірлік» ЖШС бар.

Жүк көліктеріне тиелген қорап-қорап азық-түлік аудандағы әр ауылдық округке бөлініп, мұқтаж отбасыларға табысталды. Әр қорапта 25 келі ұн, 10 келі күріш, 5 келі қант, 3 литр сұйық май және өзге де қажетті заттар бар. Айта кетерлігі, бұлардан бөлек, өңірдегі Қайыңды ет өңдеу цехінде дайындалған фарш, ет, қазы-қарта мен ақсақалдардың несібесі деп қойдың басы да табысталды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы