ҚЫТАЙ ЕЛІНЕН КОРОНАВИРУСТАН ҚОРҒАЙТЫН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰРАЛДАР ЖЕТКІЗІЛДІ

Уақыты: 23.04.2020
Оқылды: 1575

Белгілі кәсіпкерлер Алматы облысына құны 100 миллион теңгеден асатын, медицина мамандарына арналған қорғаныш құралдарын қайтарымсыз сыйға тартты. Бұл жайында Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Universal Energy (Qazaqstan)» компаниясы мен қазақстандық кәсіпкерлер Асқар Алшынбаев, Евгений Фельд, Нұржан Бекшенов, Есенғали Бәйменов және Райымбек Баталов Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген Алматы облысының медициналық және басқа да ұйымдарына гуманитарлық көмек жүктерін жеткізіп берді.

Жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын, көп рет пайдаланатын Dupont костюмдері, инфрақызыл термометрлер, бетперделер, респираторлар, қорғаныс көзілдіріктері Қытай елінен сатып алынып, Қазақстанға арнайы рейспен әкелінген.

Бұл қорғаныс құралдары індетпен күрес шараларына тартылған медициналық және басқа да ұйымдарға бөліп беру үшін Алматы облысы әкімдігіне тапсырылды. Барлық медициналық бұйымдар мен амуниция қытайлық және еуропалық кәсіпорындарда өндірілген, еуропалық сапа сертификаттарына ие.

- Әсіресе, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, еліміздің Қытайдағы және Қытайдағы Қазақстанның Елшіліктеріне індет кезіндегі логистикалық қиындық жағдайында бізге құралдарды жеткізуге көмек көрсеткендері үшін алғысымыз зор. Бұл заманауи жеке қорғану құралдары біздің медицина мамандарына коронавируспен күресте үлкен көмек болады деп сенеміз, - деп атап өтті қайырмдылық акциясының бастамашылары.

Бұл көмекті Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев қабылдап алды.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін берік ұстанып, осындай қиын-қыстау кезеңде өңірге қолдау білдірген азаматтарға, кәсіпкерлерге облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев шын жүректен ризашылығын жеткізді. Қандай қиындықты да бірліктің арқасында жеңіп шығатынымызға сенім білдірді.

- Облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан «Universal Energy» (Qazaqstan) компаниясының құрылтайшылары И Нан, Болат Әбілов пен Ораз Жандосовтардың көрсеткен қолдауларына, қамқор ниеттеріне алғыс айтамыз, - деді С.Тұрдалиев.

Еске салсақ, «Universal Energy (Qazaqstan) компаниясы жаңартылған энергиялық нысандардың құрылысымен және оны іске қосумен айналысады. Облыс аумағында аталмыш компанияның «Қапшағай 100 МВт» күн электр стансысы жұмыс істейді. Оған қоса, Іле, Сарқан аудандарында тағы екі стансының құрылысы жүріп жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"