КӘСІПКЕРЛЕР ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНА ТӨСЕК-ОРЫН ТАРТУ ЕТТІ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 1347

Коронавирус пандемиясына қарсы күрестің алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне халық болып қолдау көрсету жалғасуда. Бұл жолы «RKS SERVICE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы Қарасай аудандық ауруханасына 10 төсекті көрпе-жастығымен қоса сыйға тартты.

«RKS SERVICE» ЖШС-нің директоры Бауыржан Шоңғараевтың айтуынша, дүниені дүрліктірген індетті ауыздықтауға осылайша өз үлестерін қоспақ болған.  Ауруханаға арналған жиһаз жабдықтарын жеткізуге металл өңдеу цехының басшысы Алмат Лиянов та атсалысқанын айта кету керек.

Өңірдегі мекеме-ұжымдарға түрлі ақылы қызмет көрсетумен айналысып келе жатқан серіктестік бұған дейін ауруханаға 100 дана төсек-орын әкелген болатын. Сондықтан, олар адам жанының арашашыларына жәрдем ретінде 10 жиһазды тегін беру жайлы шешім қабылдапты.

- Елімізді жайлаған қатерлі індетке байланысты жарияланған карантин жағдайында медицина саласына көрсетіліп жатқан көмек бізді жігерлендіреді. Осы орайда, 10 төсек-орынды көрпе-жастығымен, төсеніштерімен қоса сыйлаған «RKS SERVICE» серіктестігінің басшылығына үлкен рахмет, – дейді Қарасай аудандық аурухана директорының орынбасары Марат Ақылбеков. – Сонымен қатар, дәрігерлерге қауіпсіздік құралдарын тарту еткен ауданның өзге де кәсіпкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз.

Ел басына күн туған шақта жұдырықтай жұмылып, ортақ қатерге бірлесе соққы берген халқымыз қашанда табандылық пен төзімнен тайқымайды. Қарасайлық кәсіпкерлердің қайырымдылық шаралары - соның бір көрінісі ғана.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Алматы облысы