"БАСЫНДА БІЛГЕН ЖОҚПЫЗ": МҰҚТАЖ ЖАНДАРДЫҢ ҮЙІНЕ ГАЗ ТЕГІН ТАРТЫЛАДЫ

Уақыты: 27.05.2020
Оқылды: 1043

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдында берген есебінде өңірді газдандырудағы жетістіктермен қатар келеңсіздіктерді де жұрт назарына ұсына келіп: «2020 жыл біздің облыс үшін газдандыру жылы. Қазіргі уақытта облыстағы 144 елді мекен газдандырылып, газдандыру деңгейі 30,4 пайызды құрады. Талдықорған қаласының қалаішілік желілерінің құрылысы аяқталуда, тоғыз мыңнан астам абонент газға қосылған. Биыл көгілдір отынға халықтың 56 пайызы қол жеткізе алады», – деген еді.

Облыс басшысы жұмыс бабымен өңірлерге шыққан кезде тұрғындардан табиғи газға қосылу құнының қымбаттығы туралы реніштердің көп айтылатынын де жасырып қалған жоқ. Бұл мәселені шешу үшін газдандыру жұмысына инвесторларды тартып, жоспарды тез әрі сапалы орындаумен қатар бәсекелестікті арттыру арқылы газға қосылу құнын төмендетудің жолдарын да көрсеткен болатын.

Осы тұста аймақ тұрғындарының табиғи газға қосылуын қамтамасыз етіп отырған бірден-бір мекеме «ҚазТрансГазАймақ» АҚ жұмысын ерекше атап кеткен жөн. Компания төтенше жағдай тұсында да барлық қажетті қауіпсіздік шарасын қабылдай отырып, штаттық режимде жұмыс істеді. Қауіп-қатердің алдын алу үшін жедел штаб құрылды және қызметкерлердің біразы қашықтан жұмыс істеуге ауыстырылды. Жетісулықтардың: «Табиғи газға тезірек қосылсақ» деген тілегін орындауға тырысқан акционерлік қоғамның Жетісу өндірістік филиалының қызметкерлері төтенше жағдай кезінде карантин тәртібін сақтай отырып, облыстың қалалары мен ауылдарындағы үйлерге газ тарту жұмысын тоқтатқан жоқ.

"ҚазТрансГазАймақ" АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Жайық Әлішев кәсіпорын қашықтан жұмыс істеуге ауысқан тұста да интернет арқылы техникалық шарттарды алуға, есептегіштердің көрсеткіштерін алып тастауға және беруге, газ компаниясының қызметіне ақы төлеуге қатысты жұмыстардың үзіліссіз жүргізілгенін тілге тиек етті. Кейбір жағдайда компания қызметкерлері тұрғындарға телефон арқылы кеңес беріп, қажеттіліктерін шешіп отырды. Апаттық жағдайды болдырмау үшін арнайы бригада жасақталып, тәулік бойы кезекшілікте жұмыс атқаруда.

Бүгінде Талдықорған қаласының маңындағы елді мекендердегі жеке тұрғын үйлерді табиғи газ желісіне қосу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Дегенмен, төтенше жағдайға байланысты экономикалық жағынан қиындық көрген халықтың жағдайы бұл орайдағы жұмыстың қалыпты жүруіне кедергі келтіргені анық.

Осы жағдайды ескерген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы отбасылық жағдайы төмен, мүгедек, көпбалалы, жалғызбасты зейнеткер отбасыларға көмек қолын созып, олардың үйін газ желісіне тегін қосып беруді қолға алды. Осындай игілікті іс пен алғаусыз көмекке ризашылығын білдіріп жатқандар көп.

– Мен «КазТрансГазАймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалына ерекше алғысымды жеткізгім келеді. Аталған компанияның аймағымызды газдандыру жұмысымен айналысатынын естіп жүрсем де олардың жағдайы төмен отбасылардың үйін газ желісіне тегін қосып беретінін басында білген жоқпын. Үйге газ қосу туралы өтінішімді телефон арқылы жеткізіп, жағдайымды айтып едім, олар жағдайымды сұрастыра келе газ желісіне тегін қосып беруге көмектесетінін жеткізді. Ертесінде компанияның қызметкерлері келіп, газ қосылатын үйдің картасын сызып кетті. Оның ертесі дәнекерлеуші жігіттер келді де, үш жылдан бері армандап жүрген ісімізді үш-ақ күннің ішінде жүзеге асырды, – дейді бірінші топтағы мүгедек, Есетов көшесіндегі 1"А" үй, 1-пәтер тұрғыны Тоқтарбек Әділбеков.

– Мен тұрғындардың табиғи газға қосылу мәселесіне қолдау танытқан «ҚазТрансГаз Аймақ» басшылығына ризашылығымды білдіремін. Табиғи газға қосылып, оның игілігін көріп жатқандар қатарының көбейіп келе жатқанына қуанамын. Міне, біз де сол қатарға қосылдық. Жұмыс батыл бағыт, жүйелі жоспар арқылы жүзеге асады. Басқа саланы айтпасам да газдандыру жұмысы облыс басшысының тікелей қадағалауымен нәтижелі жүргізілуде, – дейді Еркін ауылы, Құрманғазы көшесіндегі 17 үйдің тұрғыны, зейнеткер, «Алтын алқа» иегері Әуесхан Мажайқызы.

– «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өндірістік филиалы қызметкерлерінің жұмыстағы жауапкершілігі мен газ желісін тартумен айналысатын мамандардың шеберлігін атап айтқым келеді. Менің үйіме газ желісін тартып берген жұмысшылар барлық жұмысты сапалы жасап шықты, – дейді «Шығыс» шағынауданы, Шадрин көшесіндегі 22 үйдің тұрғыны Василий Сочинский.

Осындай алғысқа толы лебіздерін Қойшығұлов пен Хабибуев, Бегімжановтардың отбасы мүшелері де білдірді. Алдағы уақытта бұл тізімнің ұзара түсері анық.  Өндірістік филиалдың бас маманы Аслан Төлеутаев өз қаражатымен газ желісіне қосылып жатқандар қатарының да арта түскенін жеткізді.

Ең бастысы, мұқтаж жандарға көмек пен қолдау көрсетіп, олардың алғысын алғаннан үлкен қуаныш жоқ шығар?! Әсіресе, індет тарап, жұртты алаңдата бастаған тұста көрсетілген көмектің маңызы зор.

Қажет АНДАС

Алматы облысы