"МЕМЛЕКЕТІМЕ РАХМЕТ!" ҚАЙЫРЫМДЫ ЖАНДАР БІРНЕШЕ ОТБАСЫН ҚУАНТТЫ

Уақыты: 02.06.2020
Оқылды: 1277

Елде төтенше жағдай басталғалы қайырымдылықтың керуені өз жұмысын бір сәтке де тоқтатқан емес. Қайырымдылық жасауды азаматтық парызы санайтын жандарға көпшілік дән риза.

«QAMQOR QAZAQSTAN» әлеуметтік жобасы аясында «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің «Keleshek» жастар кеңесінің еріктілері көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етті.

«Keleshek» жастар кеңесінің төрағасы Бақтияр Жақсыкелдінов бастаған бір топ қайырымды жан Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Рая Мәмбетованың шаңырағына барып, қажетті азық-түлік өнімдерін тапсырды. ІІ топтағы мүгедек қызын қарап отырған ардақты ана елдегі қиын жағдайға қарамай мемлекет әр қазақстандыққа барынша жағдай жасап жатқанына алғыс айтып, ақ батасын берді.

Мүмкіндігі шектеулі 80 жастағы жолдасы мен 52 жастағы ұлына бас-көз болып отырған талдықорғандық Рәбилә Нұрбекованың отбасы Семей қаласынан қоныс аударған. Талай бейнетті көрсе де үміт үзбеген аяулы ана облыс, қала басшылығына, қайырымды азаматтарға ризашылығын білдірді. «Бізді арнайы іздеп, көмек көрсеткендеріңе рахмет. Біздің жасымызды сендерге берсін. Біз көрген бейнетті жастар көрмесін деп тілеймін. Жағдайымызды ескерген әкімдік тегін газ құбырын жалғап берді. Мемлекетіме, әкімдерге тек қана рахмет айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – дейді Рәбилә Нұрбекова.

– Ел басына қиын күн туған шақта бір-бірімізге барынша демеу болғанымыз жөн. Сондықтан да ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Қазақстан еңбек адамы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Транстелеком» АҚ демеушілігімен және «Keleshek» жастар кеңесінің қолдауымен «QAMQOR QAZAQSTAN» әлеуметтік жобасы қайырымдылық жұмысын бастады. «Жақсылық жасауға асығайық!» атты акция аясында алдағы уақытта 30 отбасыға көмек көрсетіледі. Бұл көмек түрін алатын тұрғындардың тізімі алдын ала дайындалды. Көмекке мұқтаж отбасылар, жалғызбасты аналар, көпбалалы әулет біздің басты назарымызда. Оларға қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз, – дейді «Keleshek» жастар кеңесінің төрағасы Бақтияр Жақсыкелдінов.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы