ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ ДӘРІ-ДӘРМЕК АЛЫП БЕРДІ

Уақыты: 30.07.2020
Оқылды: 1416

Қиын-қыстау күндерде қолда барын ел мен жерге арнаған азаматтардан айналайық! Жақында «Гун  Строй Сервис» құрылыс компаниясының директоры Сәбит Қалиолданов арнайы сапарымен Кеген, Райымбек аудандарында болды. Құралақан келген жоқ. Қиын шақта ел денсаулығына қорған болайын, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей шапағатымды тигізейін деп келді. 

Осы сапарында ол Кеген мен Райымбек аудандарындағы орталық ауруханалардың әрқайсысына 4 миллион теңгенің аса қажетті медициналық құрал-жабдықтарын, дәрі-дәрмек әкеліп табыстады. Оның ішінде ауруханалардың жансақтау бөлімдеріне арналған көп мүмкіндігі бар екі төсек сыйлады. 
Сәбит Қалиолданов бастаған құрылыс компаниясының ұжымы мұндай қолдау, көмектерін Ұйғыр ауданына да көрсетті. Алматы қаласындағы ауруханаларға 8 миллион теңгенің қажетті  медициналық құрал-жабдықтарын алып берді. 
– Әлемді шарпыған, мыңдаған адамдардың өмірін жалмап кеткен қауіпті індет жойылсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Халқымыз бейбіт күннің шуағына бөленіп, ұрпақтарының қызығы мен қуанышына кенелсін! Біздің бар тілек, ниет осы, – дейді  «Гун Строй Сервис»  құрылыс компаниясының директоры. 
Аптал азаматқа Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбеков пен Кеген аудандық орталық ауруханасы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Алмас Тілеулиев өңір тұрғындарының атынан алғыс айтып, компания ұжымының еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тіледі.

Қанат БІРЖАНСАЛ
Кеген ауданы