ТЕАТР ҰЖЫМЫ БАЛАЛАР ҮЙІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІНЕ БАСПАНА СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 29.07.2020
Оқылды: 1420

Б. Римова атындағы драма театры ұжымы бір отбасын баспаналы болу бақытына кенелтіп, пәтер алып берді. Бұл тұралы аталған өнер ұжымы фейсбук парақшасында жариялап, жақсылықты жұртпен бөлісті.

Аталмыш парақшада: «Театрымыздың қолдауымен 2013 жылдан бері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» қайырымдылық мақсатта салым салынып отырған болатын. Бүгінде қордағы қаражатқа «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушісі Васькина Надежда Владимировнаға баспана алу бақыты бұйырды», – деп жазылған.

Тағдырдың сынын бастан өткеріп, «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленген Надежда Васькина бүгінде Сәкен есімді жұбайынан Асқардай ұл сүйіп отырған қазақ шаңырағының келіні. Бақытты жар, ардақты ана.

Айта кетерлігі, арманындай болған «өз үйі, боз үйіне» енген отбасы осынау зор қуанышқа бөлеген театр ұжымына арнайы келіп алғысын айтты. Сондай-ақ, мейірім мен махаббатты, қайырым мен шарапатты рухания тұрғыда көпшілікке сыйлап, насихаттап жүрген өнер саңлақтары қуаныш иелерін сыйға бөлеп, ізгі тілек білдірісті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"