Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

12 МЫҢ ЛИТР АНТИСЕПТИК ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЕТКІЗІЛДІ: ЕРІКТІЛЕР ЕРЛЕДІ

Уақыты: 01.08.2020
Оқылды: 533

COVID-19 індеті өршіп тұрған уақытта өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүрген еріктілерді ер демеске болмайды. Сайып келгенде, халқымыздың қанында бар қайырымдылық қасиеттің ұрпақтан ұрпаққа осындай игі істер арқылы жалғаса беретіні сөзсіз. Қиналғанға қол ұшын беруді қашанда қасиетті парыз деп ұғатын халқымыз биыл еріктілердің ерен еңбегіне бас иді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Адамдарға шын ниетімен көмектесуді ниет еткен еріктілердің бойындағы қайрат-жігер бұл ілкімді істің ғұмырын ұзартты. 


МЕЙІРІМДІ ЖЕТІСУ

Еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтай білген жетісулық еріктілердің еңбегі бүінде ерлікпен тең. Облыс аумағында «Мейірімді Жетісу» еріктілер фронт-кеңсесінің жұмысы жүзеге асырылып келеді. Жыл басында жалпы саны 1 мың 43 болған облыс еріктілерінің қатары күн санап өсуде. Қазіргі таңда облысымызда 2 мың 77 ерікті жас тіркеліп, көптің алғысына бөленіп келеді.

Республикалық «Біз біргеміз» акциясы аясында 2 мың 300 қайырымдылық акциялары мен іс-шаралар өткізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға, жалпы 17 мың отбасына әлеуметтік көмек көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Облыс еріктілерінің атсалысуымен бүгінгі күнде 64 мың медициналық бетперде тігіліп, 12 мың  литр антисептик тұрғындарға жеткізілді. 

Коронавирус инфекциясының анықталуына байланысты карантинге жабылған 20 мыңнан астам тұрғыны бар «Асыл арман» тұрғын үй кешені облыс жастары мен еріктілерінің назарынан тыс қалған жоқ. «Мейірімді Жетісу» еріктілері тұрғын үйдің карантин жағдайында болғанына қарамастан тұрғындарға медициналық бетперде, гигиеналық заттар мен азық-түлік жеткізіп тұрды.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданына Алматы облысынан 15 жүк көлігімен 260 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген сәтте облыс еріктілері көш басында жүрді. Жетісу жұртшылығының ақжолтай аманатымен өңірден 20-ға жуық ерікті жастар барып, бір апта бойы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен отбасын азық-түлік және өзге де қажетті заттармен қамтамасыз етіп отырды. 

Ерікті жастар гуманитарлық көмек жиналған қоймаларға күніне 300-350 тонна азық-түлік, 250 тонна құрылыс заттарын түсіріп қана қоймай мектеп-интернаттарға орналастырылған тұрғындардың, балалардың көңілін аулау мақсатында мультфильм және кинокөрсетілім ұйымдастырды. Балаларға базарлық та таратылды. 

14 мамыр күнгі қатты жауынның әсерінен Түркістан облысының бірнеше ауылдарын су басқаны бәрімізге белгілі. Осы кезде Жетісудың еріктілері оқиға орнына бірінші болып көмекке барды. Төле би ауданының, Леңгір қаласы мен Киелітас ауылының тұрғындарын эвакуациялау жұмысына қатысып, отандастарымызға көмек қолын созды. 

Қазіргі таңда облыс еріктілері күш біріктіріп, емдеу мекемелерін медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге атсалысуда. Сонымен қатар, дәрігерлерге қымыз тарату, тұрғындарға дәрі-дәрмек жеткізу ісі де қолға алынған. Бүгінгі күні өңірде 70-ке жуық автоерікті бар. Олар күн демей, түн демей науқастарға қажетті дәрі-дәрмекті, ас-ауқатты жеткізіп беруде.

*Алғыс

ЕШҚАШАН ҰМЫТПАЙМЫЗ

Көгершін КЕНЖЕБЕКОВА, көпбалалы ана: 

– Талдықорған қаласының еріктілеріне қиын кездегі көмектері үшін аналық жүрегіммен алғыс айтқым келеді. Көмек сұрап хабарласқанымызда азық-түлік, медициналық бетперде, антисептик және тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды алып келіп, бәрімізді қуантқанда жүрегім елжіреп, жылап жібердім. Аз қамтылған, мен сияқты жалғызбасты көпбалалы аналарға, қарттарға қол ұшын созып, барынша көңіл бөлуге тырысып жүрген жастардың болашағы ашық болса екен деп тілеймін. 
Бір-бірімізге осындай қолдау көрсету арқылы біз бірлігі жарасқан ел екенімізді көрсете алдық деп ойлаймын. Осы бірлігімізге, сыйластығымызға сызат түспесін. Ниеттеріне ризамын. Бұл кішкентай көмек адамның көңілін көтеріп, қуаныш сезімін сыйлады. Жергілікті тұрғындар карантин талаптарын сақтаса, бәрі жақсы болады. Біздің қолымыздан ештеңе келмесе де тәртіпке бағынып, еліміз үшін дұға жасап отырамыз. Сегіз баланың анасы ретінде жанашыр азаматтардың бәріне алғыс айтамын. Біз бұл жақсылықты ешқашанда ұмытпаймыз.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАП ЖАРЫСАЙЫҚ

Жасыратыны жоқ, елде карантин жарияланған сәтте-ақ азық-түлік тапшылығы болады деп қауіптенген тұрғындардың базар мен дүкеннен жаппай тамақ сатып алу үшін кезекке тұрғанын көргенбіз. Үкімет пен жергілікті атқарушы билік тарапынан айтылған түсіндіру жұмыстарына құлақ аспаған халықтың алаңдаған көңілін өз пайдасына жаратып, тауарын қымбаттатқан сатушылардың қатары да көп болды. 

Осындай сын сәтте жетісулықтардың атқарған ерен еңбегін ерекше атап өткеніміз жөн. Еріктілер рейдке жиі шығып, тұрғындарға тығыз шаруасы болмаса үйлерінде отыруға кеңес беріп, бетперде тағып жүрудің маңызын түсіндіріп отырды.

«Біз біргеміз!» республикалық акциясы бойынша атқарылған іс біршама. Облыс бойынша үлкен іс тындырған бірнеше ауданның еріктілерін тілге тиек еткенді жөн санадық. Мәселен, Ақсу ауданының ерікті жастары әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 370  отбасына азық-түлікпен көмек көрсетті. Аталған отбасыларға аудан демеушілері 1 миллион 250 мың теңгенің азық-түлігін жеткізді. «Жақсылық жасап жарысайық» акциясы аясында ауыл жастары Ақсу ауданының орталық ауруханасында Covid-19 жұқпасымен ауырып жатқан науқастар мен ақ халатты дәрігерлерге 200 литр шұбат, қымыз апарды. Сырқаттарға қой етін, 50 қап ұн апарып, мұқтаж жандарды қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ақсу ауданының ерікті жастарының, әлеуметтік блогер Данияр Бейісқали мен Меруерт Дүпбаеваның бастамасымен қаражат жинап, аудандық орталық ауруханаға 5 оттегілік концентраторға тапсырыс берді. Бүгінде 2 аппарат аурухана басшыларына табысталды. Қалған 3 аппарат алдағы уақытта жеткізелетін болады.

Аудан тұрғындарына 700 мың теңгенің дәрі-дәрмегі жеткізілді. «Шуақ» еріктілері аудан кәсіпкерлері мен әжелер қауымдастығының көмегімен тігілген 2 мың 500  медициналық бетпердені Жансүгір ауылының тұрғындарына тегін таратты. Ақсулық еріктілер аудан бойынша үй карантинінде оқшауланған 18 отбасына күнделікті қажетті азық-түлік заттарын  жеткізіп тұруды қолға алған.

Еңбекшіқазақ ауданының еріктілері осы күнге дейін 900 отбасын 13 миллион 300 мың теңгенің азық-түлігімен және медициналық бетпердемен қамтамасыз етті. Ауданның жомарт азаматтары жас бүлдіршіннің отбасына қажетті 500 мың теңгені қайырымдылық есебінде тарту етіп, жағдайы төмен отбасының жалдамалы пәтерінің 2 айлық төлеміне көмектесті. Осындай қиын кезеңде өмір үшін күресіп жатқан емделуші азаматтарымыздың жағдайын ойлап, аудандық ауруханаға       6 оттегі концентраторын табыстады. «Бүгінгі күннің батырлары» атты акция аясында ақ халатты абзал жандарға 150 литр қымыз ұсынылды. Бұл игі бастама алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Ақындар мен батырлар елі  Жамбыл ауданында 100 жас ерікті жұмыс істейді. Бұдан өзге, ауданда 30-дан астам ерікті топ қарқынды жұмыс атқаруда. Айта кетер болсақ, «Ардагерлерді ардақтайық», «Қайырымдылық – қадірлі іс» «Таза аудан – таза ауыл» акциялары үнемі атқарылып тұрады. Төтенше жағдай кезінде аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған  5 мың 500  отбасыға аудандағы және шет қалалардағы жеке кәсіпкерлер мен ірі мекемелер тарапынан азық-түлік жеткізілді.Аудан тұрғындарына 3 мың дана медициналық бетперде тегін үлестірілді. Қайырымдылық шарасына қолдау көрсеткен «Халық» қайырымдылық қоры, «Тәуекел Газ» ЖШС, «Пласт-Инвест» ЖШС, «Мажитова» ЖШС, «Kusto Group» компаниясы, «Жамбыл» РЭС, «Табыс» ШҚ, «Жақсылық» ШҚ, аудандық жұмыспен қамту орталығы, «Жетісу» ЖК, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі ұжымдарына еріктілердің айтар алғысы мол.
Талғар аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан «Volunteens Club» еріктілер тобы құрылды. Топ 100 еріктіден тұрады. Шынар Әбілдаева жетекшілік ететін бұл топ талғарлықтардың алғысына бөленуде.  Олар «Біз Біргеміз!»  жобасы аясында көп балалы 50 отбасына азық-түлік себеттерін таратуға үлес қосты.  Грант сомасы 500 000 теңге. Грант беруші «Зеленая экономика» Қоғамдық қоры, «Coca-Cola Белестерi» жобасы. «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен берілген жалпы сомасы 4 миллион 867 мың теңгенің азық-түлік себеттерін Талғар ауданының 341 көпбалалы отбасына аудан еріктілері таратты. 

«Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру барысында «Экоэволюция» экологиялық жобасы  іске асырылуда. Аудан жастары І топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Бақдәулет Әмірхановтың отбасына қаражат жинауды қолға алған. Нәтижесінде 1 миллион 13 мың теңге қаражат жиналып, Бақдәулеттің отбасына тапсырылды. Интракраниальды гипотензия диагнозы анықталған науқас Нұрсұлтан Оразбекке 285 мың теңге қаржылай көмек көрсетілді. Талғарлық еріктілердің арманы асқақ, мақсаты айқын.

Қарасай ауданында 58 мың 390 жас бар. Ол тұрғындар санының үштен бір бөлігін құрайды. 500 ерікті жас өздері құрған жоспар бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Ауданның үздік еріктісі Әлия Сәтпаева ерікті жастардың басын қосып, қарасайлық жастарды игі іске жұмылдыруда.  

«Мейірімді Жетісу» республикалық акциясы бойынша Қарасай ауданының әлеуметтік тұрмыс жағдайы төмен 875 отбасына көмек көрсетілді. Аталған отбасыларына қажетті заттарды алуға «Нұр Отан» партиясының филиалы, «Жастар ресурстық орталығы» мен аудан еріктілері, «Апорт» сауда орталығы, «Магнум», «Сәтті» супермаркеттері, «Эфес Қазақстан» сыра зауыты, «Ақсай нан» тоқаш комбинаты демеушілік көрсетті. 

Коронавирустан қорғану кезінде медициналық бетперделер тапшылығы сезілгені рас. Сол себепті қарасайлық еріктілер аудан, ауылдық жердегі дүкендерге жергілікті халық тегін алуы үшін  3 мың медициналық бетперде таратты. Одан бөлек, жастар блок-бекетте кезекшілік еткен қызметкерлерді де медициналық бетпердемен қамтамасыз етті. 

1 мың 200 жасы бар Кеген ауданының еріктілері 2 отбасына баспана кілтін сыйлап, қуанышқа бөледі. Аудандық орталық ауруханаға өкпені жасанды желдететін 7 аппарат алып берді. Аудан еріктілерінің қатысуымен «BIZ BIRGEMIZ»,  «Мейірімді Жетісу» акциясы аясында осы уақытқа дейін  300-ден астам түрлі әлеуметтік акциялар уақтылы өткізілді. Атап айтқанда, 3 мың аз қамтылған, көпбалалы, ерекше қамқорлықты қажет ететін отбасыларына демеушілердің көмегімен азық-түлік берілді. «Кемедегінің жаны бір» демекші, осындай қиын-қыстау кезеңде өз қолдарымен медицналық бетперде тіккен Жансая Есбосынова мен Меруерт Нұрғазиева, Ақерке Қожамбек, Мөлдір Сәрсеновалар талай жасқа үлгі болды. 

Кербұлақтың жастары 847-ден астам көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты қарттар мен аналарға азық-түлік себетін таратты. Осы уақытқа дейін 40-қа жуық қайырымдылық акцияларын өткізген олар әр істің басы-қасынан табылатын Әлібек Көкеновті мақтан тұтады. Жас маман жыл басынан өзі қызмет істеп жүрген мектебінде еріктілер тобын құрып, қайырымдылық шараларымен айналысты. Бүгінде Әлібектің бастамасымен 15-тен астам отбасыға көмек көрсетілді. Аудан тұрғындарына автоерікті ретінде көмек көрсетіп, халықтың алғысына бөленген ол  Елбасы Н. Назарбаевтың  Алғыс хатымен марапатталды.

Ұйғыр ауданының жастары өткізген акцияда 240 отбасына көмек көрсетті. Шонжы ауылының еріктілері Мақтаарал өңіріндегі тұрғындарға көмек ретінде 2 миллион теңге сомасына 2 жүк көлігімен 150 дана матрац, 3 тонна ұн, 100 киле макарон өнімдерін, 50 блок су, гигиеналық тауарлар жолдады. 

Ерікті болу – ерлікпен тең. Сөз соңында айтарымыз,  еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділіктің жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса, алынбайтын асу жоқ.

*Жүрек сөзі

БАТАМЕН КӨГЕРЕМІЗ 

Нұркен ҚОЙШЫБАЕВ, «Мейірімді Жетісу» еріктілер ұйымының мүшесі:

– Көпшіліктің ерікті болудың маңызын, ел қамы үшін атқарылар үлкен іс екенін осындай қиын мезетте сезінгені рас. Мен де солардың қатарындамын. Еріктілермен бірге осы аз ғана уақытта қаншама жанның батасын алып, алғысына бөлендік. Халқымыз «Батаменен ел, жаңбырменен жер көгерер» деп текке айтпаған. Әр замандасымыз ақ батаға лайықты. Солар бата, алғыс алып өссе, өнсе, көгерсе деймін. 
Әрине, мәселе алғыс алуда ғана емес. Азамат ретінде қиын кезде еліме сүйеніш болу – менің басты міндетім. Аналарымыздың жанары жасқа толмай, әкелеріміз мұңаймай, бауырларымыз аман болса деймін. 

Жансая СМАҒҰЛОВА, 
облыстық жастар 
ресурстық орталығының бөлім басшысы