АРНАЙЫ ЖАСАҚ МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 08.12.2020
Оқылды: 1836

Тәуелсіздік күнін мерекелеу қарсаңында арнайы жасақ сарбаздары Алматы облысындағы аз қамтылған отбасыларға көмектесті. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Алматы облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері Тәуелсіздік күні мерекесін атап өту қарсаңында шағын қайырымдылық акциясын өткізді. Олар өз қаражаттарынан бірнеше отбасын азық-түлікпен және гигиеналық қажетті құралдармен қамтамасыз етті.

- Арнайы жасақ қызметкерлері Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға қажетті азық-түлікпен және кеңсе заттарымен көмектесу туралы шешім қабылдады. Осы мақсатта азық-түлікпен қатар, санитарлық талаптарды сақтауға керек құралдар сатып алынды. Өйткені, пандемия кезінде күнделікті гигиена тәртібін сақтау қажеттілігін барлығы жақсы біледі, бірақ оны ұстануға бәрінің қолы жете бермейді, - деді облыстық полиция департаменті арнайы жасақ командирі, полиция подполковнигі Медет Қамалбеков.

Аталған акция арнайы жасақ қызметкерлері арасында тұрақты түрде өткізіледі. Арнайы жасақ полицейлері кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының балаларын өз қамқорлықтарына алғанын еске сала кету қажет. Оларға арнап ойын-сауық шараларын өткізіп, құнды және пайдалы сыйлықтар береді.

- Бүгін біз көмек бергендердің арасында көмекке өте мұқтаж отбасы бар. Отбасындағы төрт баланы анасы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Балалардың кенжесі сал ауруына шалдыққан. Осындай қайырымдылық шараларын біз қандай да бір мерекені тойлауға қарамастан, кез келген уақытта өткізетінімізді атап өткім келеді, - деді подполковник М.Қамалбеков.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан