ТАЛДЫҚОРҒАНДА ҚАЙЫРЫМДЫ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 1287

Талдықорғанда мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін тасымалдайтын автокөлік жүргізушілері бар. Оларды былайғы жұрт автоеріктілер деп атайды. Жаңа жыл қарсаңында жыл бойына тегін такси қызметін көрсеткен ең белсенді автокөлік жүргізушілері марапатталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аталған еріктілер тобы 2017 жылы құрылды. Бүгінгі күнге дейін қайырымды жүргізушілер 7 мыңнан астам тапсырыс қабылдап үлгерген. Күннің ыстық-суығына қарамай, жомарттық танытып, ең көп тапсырыс орындаған 15-ке жуық автобелсендіге "Асар" қоғамдық бірлестігі сый-сияпат жасап, Алғыс хат табыстады. Марапатталғандар қатарында әріптесіміз, "Жетісу" газетінің редакция меңгерушісі Қуаныш Тұнғатар да бар.

Автоеріктілер мүгедек жандардың үш жылда 3,5 миллион теңгесін үнемдеген. Олар мүмкіндігі шектеулі азаматтарды өз көліктерімен барар жерлеріне тегін жеткізіп отырған. Қайырымдылық жасауға құлшынған жүргізушілердің қатарында мүмкіндігі шектеулі бір адам бар. Оның есімі - Мақсат. Ол автоеріктілердің ішінде ең белсендісі. Сондай-ақ, "400-400 Талдықорған" такси қызметі де қайырымды іске үнемі қолдау көрсетіп келеді. Шара аясында дәл осындай белсенділік танытқан жүргізушілерге алғыс айтылып, қайырымдылықтың қайтарымы еселеп қайтатыны, мұндай игі іс бір жағы адамгершілік, бір жағы сауапты жұмыс екені сөз болып, жиналғандар бір-бірімен пікір алмасты.

Шарада "Асар" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елдос Баялышбаев жақсылықта жарысушыларға алғыс білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.

Айта кетейік, жалпы Талдықорған қаласында 200 автоерікті бар. Олар өз қалауларымен көмекке мұқтаж жандарға әр уақытта қол ұшын созып келеді. Бұл орайда автодиспетчер Индира Ахметова:

- Бізде ешқандай қаржыландыру жоқ. Осындай марапаттардың бәрін өзіміз ұйымдастырамыз. Бізде екі диспетчер жұмыс істейді. Біздер халыққа қызмет көрсету арқылы жұмыс істеп отырмыз. Whatsapp әлеуметтік желісінде құрылған арнайы тобымыз бар. Сол жерде біз күнделікті түсетін тапсырыстарды жазамыз. Еріктілердің өздері ыңғайына қарай "заявканы" қабылдап отырады, - деп пікір білдірді. Сөзінің соңында ол автоеріктілер қатары көбейсе нұр үстіне нұр болатындығын жеткізді.

Әңгімелесу форматында өткен шарада автоеріктілер өз ойымен бөлісіп, сауапты іске достарын, таныстарын шақыратындығын айтып, естелік суретке түсіп тарқасты.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы