АЛАКӨЛДІК КӘСІПКЕРЛЕР 272 ОТБАСЫНА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАДЫ

Уақыты: 28.12.2020
Оқылды: 1108

"Алакөл ауданында 270-тен астам аз қамтылған отбасына қайырымдылық әлеуметтік көмек көрсетілді", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметі бойынша, «Білім беру» қорының қаржысын аудандағы 24 ауылдық округтегі 272 аз қамтылған отбасына азық-түлік жеткізілді. Атап айтқанда, 2,5 тонна ет, 6 тонна ұн, 252 литр өсімдік майы, сол сияқты 2,6 тонна күріш, 1,3 тоннаға жуық қант берілді. 10 отбасына 20 тонна көмір түсіріліп берілді.

Атап өтсек, індетке байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде ауданда қайырымдылық көмектерін өңір меценаттары мен кәсіпкерлері Е.Абдрахманов, Д.Коныгин, Б.Оспанов, А.Қыстаубаевтар көрсетті.

Жалпы, облыс көлемінде өңір халқын қолдау мақсатында мереке қарсаңында көмек шараларын ұйымдастыру туралы шешімді жергілікті атқарушы және уәкілетті органдар бірлесіп қабылдаған. Оған кәсіпкерлер көптеп тартылуда.

Шара аясында көмір мен отын әперу, азық-түлік жағынан көмектесу, балаларға жаңажылдық сыйлықтар беру, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына қыстық киімдер, оқу құралдарын әперу, мұқтаж отбасын қаржылай қолдау сияқты бірқатар қолдау шаралары қарастырылған.

Бұл игі шараларға бюджеттен 46 млн.теңге, ал демеушілер қаражатынан 276,4 млн.теңге жұмсау жоспарланып отыр. Облыс бойынша көмек көрсетілетін адам саны 20 мыңға жуықтайды деп күтілуде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"