ҚАЗАҚСТАНДА ЖОҒАЛҒАН БАЛАНЫ ІЗДЕЙТІН "ТАП МЕНІ" ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 26.01.2021
Оқылды: 1151
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазақстанда баланың тұрған орнын анықтауға мүмкіндік беретін "Тап мені" жүйесі іске қосылады. Бұл туралы "Жетісу" газеті ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

"Биыл министрлік тарапынан жүзеге асырылатын ілкі жобаларға тоқталып өтсем. Бұл – баланың жүрген жерін анықауға мүмкіндік беретін "Тап мені" балалардың қауіпсіздік жүйесі. Ол – Bluetooth желісінде жұмыс істейтін трекерлерді мониторингілейтін мобильді қосымша. Қосымша ата-аналардың смартфонына орнатылады. Ал трекерді баланың киіміне немесе мектеп сөмкесіне жапсырып қоюға болады", – деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз журналистермен өткен брифинг барысында.

Нұрділдә Ораздың атап өтуінше, баламен байланыс жоғалған жағдайда ата-аналары қосымшаның трекер шамшырағын іздеу режимін қосады. "Сонымен қатар, жүйе Жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған. Демек, баланы іздеу туралы дабыл автоматты түрде полицияға да түседі", – деді Нұрділдә Ораз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан