ТАЛҒАРДА АУЫС-ТҮЙІС: БАС РЕДАКТОРДЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 27.01.2021
Оқылды: 1730
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, мәдени тыныс-тіршілігін тілге тиек етіп, ақпарат айнасына айналған «Талғар» газетінің жарыққа шыққанына 86 жылға аяқ басты. Оқырманның ыстық ықыласына бөленген басылымға директор-бас редактор міндетін атқарушы тағайындалды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Екі мыңнан астам таралымы бар аудандық газеттің бұрынғы редакторы Бақтияр Қабасовтың қызметтік мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған. Осыған байланысты «Талғар газеті» ЖШС құрылтайшыларының және сол кездегі аудан әкімінің шешімімен аудандық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық «Талғар» газетінің директор-бас редактор міндетін атқарушы болып, наурыз айының соңына дейін аталған газеттің тілшісі Перизат Нұрқаева тағайындалды. Жиынға газеттің бұрынғы редакторы Бақтияр Қабасов та қатысып, құрылтайшылар бірауыздан өз қолдауларын білдірді, – дейді Талғар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркін Тоғұзақов.

– Журналистикада іс-тәжірибесі толысқан Перизат Ауғанбайқызына аудандық газеттің мазмұнын арттырып, сапасын жақсартып, жаңаша сипат алуына зор сенім артылды, – деді аудандық әкімдік өкілі сөзін толықтырып.

Журналист Перизат Нұрқаева Кеген ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2005 жылдан бастап осы уақытқа дейін «Талғар» газетінде тілші, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы