Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ЭКОЛОГИЯ ТАЛАПТАРЫН БҰЗҒАН 152 ТҰЛҒАҒА ХАТТАМА ТОЛТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 05.02.2021
Оқылды: 965

«Jetisu media» ақпараттық алаңында Алматы облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша құрылған Жол картасының орындалуына арналған брифинг өтті. Онда табиғатқа жауапсыз қараған 152 тұлғаға хаттама толтырылғаны белгілі болды. Облыс бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Данияр Құрманбеков пен аталмыш департаменттің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің басшысы Ерасыл Бекежанов тақырыпты тарқатты.

Облыс бойынша экология департаменті былтыр Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының сақталуын бақылау үшін шаруашылық жүргізуші субъектілерге барлығы 36 тексеру жүргізген. Нәтижесінде, 240 экологиялық заңбұзушылық анықталды. Заңнаманы бұзғаны үшін лауазымды, заңды және жеке тұлғаларға қатысты 152 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Атқарылған жұмысты толық баяндаған Данияр Карбозұлы:

- Жалпы сомасы 10 816 676 теңгені құрайтын 133 әкімшілік айыппұл салынды. Оның ішінде 10 147 576 теңгеге 130 айыппұл ерікті түрде өндірілді. 265 100 теңгені құрайтын 1 айыппұл мәжбүрлі түрде өндірілді. 138 900 теңге көлеміндегі 1 айыппұл сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіруге жолданды. 265 100 теңге көлеміндегі 1 айыппұл кассациялық тәртіппен сотқа жолданды, – деп нақты шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, аймақтың экологиялық мәселелерін шешу жоспарына сәйкес елді мекендердегі коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу мәселесі, жерді қашықтықтан зондтау (Геопортал) жүйесі арқылы анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жою көзделген. Сондай-ақ, «Сорбұлақ» көлінің (Алматы қаласы сарқынды су жинағышының) кері әсерін және экологиялық қатерін төмендету, Панфилов уран кен орнының радиоактивті үйінділерін жою, Кербұлақ ауданының Сарыөзек кентінде, Ескелді ауданының Қарабұлақ кентінде және Қапшағай қаласының Заречное ауылында кәріз жүйелері мен тазарту құрылғыларының апатты жағдайы, Еңбекшіқазақ және Панфилов аудандарында орналасқан өздігінен ағатын гидрогеологиялық ұңғымаларын жою және консервациялау, Текелі қаласында орналасқан қалдық сақтауыштың кері әсерін жою туралы экологиялық мәселелер қолға алынған.

Баспасөз мәслихатында «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық офисінің жұмыстары бойынша Ерасыл Баратұлы баяндады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы