ЖҮЙТКІГЕН ПОЙЫЗ ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ 14 ҚОЙДЫ БАСЫП КЕТТІ

Уақыты: 05.02.2021
Оқылды: 2893
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында қозғалыстағы жүк пойызы теміржол бойында жайылып жүрген 14 қойды басып кетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті Көліктегі полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Көлік полициясы теміржолдың бойында қойын жайғаны үшін Алматы олысының 51 жастағы тұрғынын әкімшілік жауапкершілікке тартты. «Қопа-Жиренайғыр» аралығында жүк пойызының машинисі теміржол бойында бір отар қойдың жайылып жүруіне байланысты шұғыл тежегішті іске қосқан. Бірақ 14 қойды басып кетті. Пойыз 9 минут жолда тұрып қалды», - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Сарықұл Жоланов.

Оның айтуынша, Шамалған стансасындағы желілік полиция бөлімшесі қызметкерлерінің жедел іздестіру іс-шарасы барысында қойдың иесі Алматы облысының 51 жастағы тұрғын екендігі анықталды.

- Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 559-бабы, 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның үстінен әкімшілік хаттама толтырылды, - деді полиция полковнигі.

Айта кетсек, осы жылдың қаңтар айында пойыздың шұғыл тоқтауы бойынша 145 факт тіркелді. Оның 37-сі темір жол бойында адамдардың жүруіне және 108-і малдың жайылуына байланысты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан