ТІЛ САРАЙЫНДА ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ӘЛІПБИДІҢ СОҢҒЫ НҰСҚАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Уақыты: 23.02.2021
Оқылды: 1258
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиінің жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Жиынға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қызметкерлері, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы және І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ғалымдары, сондай-ақ, жалпыға бірдей білім беру ұйымдарының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері қатысты. Шараның шымылдығы аталған басқарма басшысы Болат Керімбековтің сөзімен түрілді.

– Ұлттық комиссия отырысында латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ әліпбиі таныстырылған болатын. Сол себепті, сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Жиынға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін, тіл мамандарын ойын ортаға салу үшін шақырдық. Әліпбидің осы нұсқасы әлі бекітілген жоқ. Қазір жер-жерде қызу талқыланып жатқан жайы бар. Бұл әліпбиді Президент Жарлығымен бекітілгеннен кейін ғана қолданысқа енгіземіз, – деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, Халықаралық қазақ тілі қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес жаңа қазақ әліпбиі төңірегінде сөз қозғады. Өз сөзінде ол латын графикасындағы бірізділіктің жоқтығынан қазақтың қара домалақтарының орыс тілді мектептерге көптеп баратыны жайлы қауіпті алға тартты. Бұл мәселені шешуде мемлекеттің өзі де дәрменсіз екенін мәлімдеді. Ғ.Әнес ұстаздардың тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап беріп, осы мәселеге байланысты тың идеяларымен бөлісті.

Жиын соңында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлім Чукенаева «Латын графикасына негізделген жетілдірілген қазақ тілі әліпбиі» жайлы баяндады. Соңында әр қатысушы әліпби жайлы пікірін қағазға жазып қалдырды.

Дәулет ХАЛЫҚҰЛЫ

Алматы облысы