ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ СУЫҚ ҚАРУ САТҚАН ЖІГІТКЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Уақыты: 23.02.2021
Оқылды: 953
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Полицейлер суық қару сатушы азаматты анықтап, ұстады. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Талғар ауданы полиция басқармасының қызметкерлері сайттарды және әлеуметтік желілерді мониторингілеу кезінде «ОLХ» онлайн сауда жасау сайтынан суық қару түріне жататын пышақтарды сату жарнамасын анықтады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сауда жасаушы ұсталды.

- Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды. Қаруды заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру дерегіне қатысы бар деген күдікпен Талдыбұлақ ауылының 31 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады. Ол мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, - деді Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жанболат Зиядин.

Тергеу барысында пышақ жасаумен айналысатын жергілікті тұрғын оның суық қару қатарына жататынынан бейхабар екенін жеткізді. Полицейлер заң талабын білмеудің жауапкершіліктен босатпайтынын айтып, оған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жақында іс материалдары сот органдарының қарауына жолданады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан