АУЫС-ТҮЙІС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЕКІ ӘКІМ ЖАҢАДАН ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 01.03.2021
Оқылды: 1034
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында бір күннің ішінде екі ауыс-түйіс болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

***

Алдымен Талдықорған қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында Ержан Жасыбаев қала әкімі қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған.

Қаланың бұрынғы әкімі Ғалымжан Әбдірайымов қызметінен өз еркімен кетті. Жиында облыс әкімі Амандық Баталов Ғалымжан Әбдірайымұлына қаланы басқарған кездегі жемісті жұмыстары үшін рахмет айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

– Ержан Бәкірбайұлы - еңбекқор, табанды азамат. Облыстағы жолдарды қалпына келтіру, жаңадан жол салу барысында ұшан-теңіз шаруа атқарды. Облыс орталығындағы шаруаларды ұтымды ұйымдастырады деген сенімдеміз. Коттедж қалашығында сауда орнын салу, орталық базарды ретке келтіру, Қабанбай көшесін жөндеу кезек күттірмес шаруа, – деді Амандық Ғаббасұлы.

Жиында қалалық мәслихаттың депутаты Жексембай Мейрембаев сөз алып, қаланы осы күнге дейін басқарған Ғалымжан Әбдірайымовқа ақ жол тілеп, Ержан Жасыбаевтың еңбегіне табыс тіледі. Жексембай Арғынғазыұлы облыс әкімі Амандық Баталовқа қаланың орталығын ретке келтіру үшін орталық базарды Қаратал өзенінің жағасындағы бос жатқан жерге ауыстырса деген ұсынысын айтты. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы жабайы сауданы ретке келтіру жайлы ойды мақұлдады.

Жиын соңында облыс басшысы Амандық Баталов қала әкімі Ержан Жасыбаевты қызметтік орындығына отырғызды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков шаһардың жаңа басшысына бата берді.

***

Облыс әкімі Амандық Баталов Алакөл ауданына да ат басын тіреп, өңірге жаңа әкімді орнына отырғызды.

Алдымен аудандық мәслихат депутаттарымен өткен сессия барысында үміткер ретінде бұған дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған Алмас Абдинов ұсынылды. Мәслихат депуттары бір ауыздан келісім беріп, облыс басшысы жаңа әкімді тағайындады. Артынша аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында актив жиналысы өтті.

Сөз алған облыс басшысы ауданның даму перспективасы өте жоғары екендігіне тоқтала келіп: «Алакөл – облысымыздағы қуатты туристік орталық. Мұнда жыл сайын миллиондаған мейман келіп, емдік қасиеті мол көл бойында демалуда. Соңғы жалдары өңірдің даму жылдамдығы да артып келеді. Аудан тұғырын тіктеп отырған қай салаға назар аударсаңыз да тұрақты өркендеу даңғылына түскенін байқайсыздар. Қазіргі таңда көл жағалауын бекіту, ауыл шаруашылығы жерлерін, соның ішінде, егістік даласын кеңейту, «Жалын» лагерін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта іске қосу, құрылыс және инфрақұрылым, жол мәселелері оң шешімін тауып отыр. Алдағы жоспарлар легі де ауқымды», – дей келе, он жыл шамасында ауданды басқарған Әлібек Жақанбаевқа алғыс білдіріп, жаңа қызмет орнына да ізгі тілегін жеткізді.

Ауданның айтулы қадамдарын тізбектеп шығып, ендігі тізгінді ұстар Алмас Абдиновтың ісіне береке, жұмысына табыс тілеген Амандық Ғаббасұлы: «Бұған дейін орынбасар қызметінде болып, Алакөлдің тыныс-тіршілігімен жіті таныстың. Халықтың да алғысы мен қолпаштауына ие болдың. Атқарған жұмыстарыңа оң баға берілуде. Ендігі кезекте, жаңа қызметте жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Сол жүкті, елдің сенімін көтере біл», – деп, ақжарма ниетін жеткізді.

Мінберге көтерілген Ә.Жақанбаев облыс басшысы мен талай жылғы қызметінде қолдау көрсеткен өңір халқына және әріптестеріне алғысын білдіріп, қызметі ауысса да Алакөл жұртымен бірге екендігін жеткізді.

Жаңадан тағайындалған аудан әкімі А.Абдинов басшылық пен бұқара атынан білдірілген сенімді толықтай ақтап, үміт үдесінен шығу үшін барын салатындығын айтып өтті.

Алматы облысының Құрметті азаматтары Мұхтар Жолжанов пен Қанат Қожабеков жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тілей келе, облыс басшысының Алакөлге көрсетіп жатқан орасан зор көмегі үшін шексіз ризашылықтарын білдірді.

Артынша А.Баталов Алакөл ауданының тізгінін ұстаған А.Абдиновті қызметтік орнына отырғызды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алматы облысы