АЛМАТЫМЕН ІРГЕЛЕС ТАЛҒАР АУДАНЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Уақыты: 03.03.2021
Оқылды: 1259
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясында осыған дейін аудан әкімінің міндетін атқарып келген Қайдар Әлиханұлы Әбдіхановтың кандитатурасы бірауыздан мақұлданды. Актив жиынында Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ індет қиындықтарына қарамастан өнеркәсібі өркендеген өңірдің өткен жылды жоғары жетістіктермен қорытындылағанын ашып айтты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Алматыға бір табан жақын Талғар ауданында өнеркәсіп дамып, инвестиция көлемі артып келеді. Тұрмыс-тіршілікке қолайлы болғандықтан тұрғындар саны да артуда. Өсім бар. Соған орай, әлеуметтік мәселелердің туындауы заңды. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Талғар ауданында жағымсыз жаңалықтар жиілеп кетті. Алдағы уақытта Қайдар Әлиханұлы осы кемшіліктерді жойып, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті зор ауданды жаңа белеске көтереді деген сенімдемін, – деген Амандық Ғаббасұлы халықтың қамын ойлағанда, қалтқысыз қызмет еткенде ғана абырой артатындығын баса айтты.

- Маған сенім артқаныңызға ризашылығымды білдіремін. Туған ауданымның өркендеуіне, әлеуметтік жағдайының жақсарып, экономикасының дамуына бар күш-жігерімді жұмылдырамын, – деді Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов.

Активке қатысушы облыстық мәлихаттың депутаты Асқар Сүлейменов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Еңкебаев, Талғар ауданының Құрметті азаматы Қалимолда Байболов ақсақалдар туған жерге туын тіккен Қайдар Әлиханұлына зор сенім артты. Ауданның атына кір келтірмей, ел сенімін ақтауды табыстады.

Актив жиынынан соң облыс әкімі Амандық Баталов Талғар қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысты. Алғашқы боп атбасын тірегені Абай көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласына орнатылған блокты-модульді қазандықтар болды. Қаладағы 142 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларына былтырғы жылы 11 блокты-модульді қазандықтар орнатылып, тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан біржола құтылған болатын. Бұл жұмыстардың биыл да жалғасын табатындығын аудан әкімі Қ.Әбдіханов баяндады. Сондай-ақ, Талғар қаласындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыруға айрықша көңіл аударыла бастағанына тұрғындар дән риза.

Талғар қаласында 10 көшені қамтитын жалпы ұзындығы 20,2 шақырымдық арық желілерінің құрылысы жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 628,9 млн.теңгені құрайды. Нысан жұмысын жауапкершілігіне алған мердігер «ПСК Градцент» ЖШС-нің өкілі жұмыстың белгіленген мерзімде аяқталатындығын, құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылып жатқандығын баяндап берді.

Аталған ауданда үшауысымдық мектеп мәселесін түбегейлі шешу де кезекте тұрған мәселе. Талғар қаласындағы бала санының тығыздығын азайту мақсатында 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Оны «BIGLOBAL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі міндетіне алған. Жаңа мектеп алдағы тамыз айында пайдалануға берілмек.

Нысандар жұмысымен танысқан өңір басшысы Амандық Баталов жаңа сайланған аудан әкіміне құрылыс жұмыстарының сапалы да тыңғылықты аяқталуын басты назарға алуды қадап тапсырды. Сондай-ақ, мердігер компания өкілдеріне жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Айта кетейік, Қайдар Әлиханұлы 1974 жылы туған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын мал шикізатын тауарлаушы инженержәне заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Талғар қаласында «Айгерім» ЖШС директорының коммерциялық қызмет бойынша орынбасары болып бастады. 1999-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Кеден органдарында үздіксіз қызмет етті. Кейін Қостанай облысында «Қостанай-ЦТО», «Жетіқара» кеден бекеттерінің басшысылауазымын атқарды, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментінде жұмыс істеді, Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округінде әкім, 2018 жылдың маусымынан Талғар ауданы әкімінің орынбасары болды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Талғар ауданы

Алматы облысы