Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АРУЛАРДЫҢ БАСЫН ҚОСЫП, МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 05.03.2021
Оқылды: 542

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ ақ жаулықты аналар мен аруларды құттықтады. Мерекелік шара Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өтті. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Аймақ басшысы аналарымыздың шаңырақ отын маздатып, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқанына, әйел-ананың қоғамдағы рөліне айрықша тоқталды.

– Біздің Аналарға деген құрметіміз зор. Жыл сайын Талдықорған төрінде аяулы жандар әдемі гүл мен әсем ән-күйге бөленетін. Бүгін әлемдегі орын алған індетке байланысты мерекелік жиынға қатысушылар саны шектелді. Аман-есен бұл жағдайдан да өтеміз. Шуақты, қуанышты күндеріміз әлі алда. Шынында, болашағын ойлаған ел, ең алдымен, Анаға бас иеді. Әлем – бейне бір асыл қазына болса, соның ішіндегі ең қымбаттысы – әйел. Ерен еңбегімен Жетісудың даңқын шығарған аяулы жандар – Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева апаларымыздың есімдері ұмытылмайды. Бүгінде халқымыз алақанына салып, аялап жүрген Еңбек Ерлері  Күләш Айтжанова мен Рахилям Сейітова – біз үшін ерекше құрметті жандар, – деген Амандық Ғаббасұлы Жетісу жерінің мақтанышына айналған облыстың Құрметті азаматтары Күләш Түменбаева, Күмісжан Өмірбаева, Қалима Жазылбекова, Марьян Байқанова, Дина Нұрғалиева, Ұлтуған Жаутикова сынды апаларымыздың еңбегіне тоқталды.

Айта кетерлігі, облыс тұрғындарының басым бөлігі әйелдер. Мемлекеттік қызметте 7 081 адам болса, оның 51 пайызы – әйел. 57 әйел – әр деңгейдегі мәслихат депутаттары. 386 жергілікті атқарушы билік органдарына, 9 186 кәсіпорын мен мекемеге нәзік жандар басшылық етеді.

- Өздеріңізге айтылатын алғыстар мен жылы сөздер ешуақытта толастамасын. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан танбай жүре беріңіздер. Барша ер-азаматтардың атынан сіздерге ерен еңбектеріңіз, қажымас қайрат пен ерік-жігерлеріңіз үшін алғыс айтамын, – деген аймақ басшысы бірқатар әйелдерді марапатталды.

Облыс әкімі Құрмет грамотасын Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасының директоры Жамиля Әуебова мен облыстық полиция департаменті әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Алтынай Мәмбетбаеваға, «Іле жүрегі» еріктілер клубының мүшесі Мәриям Тынышпаеваға табыстады. Одан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы бойынша департаментінің штаб басшысы Марина Коваленко, Қапшағай қаласындағы «Орта мектеп-гимназия мектепке дейінгі шағын орталығымен» МКМ математика пәнінің мұғалімі Мәриям Аңсаған, Алматы облысының волейболдан құрама командасының мүшесі Наталья Акилова Алғыс хатпен марапатталды. «Еңбектің өнбегі бар» деген  осы.

Өз кезегінде жиынға қатысушы қонақтар тарапынан Еңбек Ері Күләш Айтжанова батасын берсе, еңбек ардагері Нұрила Бөлекбаева сөз алып, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасының директоры Жәмила Әуебова пандемия кезіндегі нәзік жандылардың ерік-жігеріне тоқталды. «Іле жүрегі» еріктілер клубының мүшесі Мариям Тынышпаева волонтер ретінде тіркелген әр екінші азаматтың  әйел затынан екенін айтты.

Тарихымызда бір отбасыға ғана емес, тұтас елге үлгі-өнеге көрсеткен ардақты аналарымыз бен батыр аруларымыз болған. Даналықтың үлгісі болған аналар бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүре бергей.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы