ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ КОВИДПЕН КҮРЕСІП ЖАТҚАН АУРУХАНАЛАРҒА БАРДЫ

Уақыты: 05.04.2021
Оқылды: 1132
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов Қапшағай қаласы мен Алматы өңіріндегі аудандарда болып, ондағы медициналық мекемелердің жай-күйі, COVID-19 індетін ауыздықтауға бағытталған шаралардың барысымен танысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Өлкеміздегі қатерлі індетке қарсы күрес пен аурудың алдын алу шараларын қадағалау мақсатында алдымен Қапшағай қалалық ауруханасына ат басын тіреген Батыржан Құлаймергенұлы провизорлық бөлімнің жұмысымен танысып, дәрі-дәрмек қоймасындағы коронавирус инфекциясына қарсы қолданатын препараттардың жеткілікті екеніне көз жеткізді.

Іле ауданында қалыптасып отырған жағдайды аудандық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Ысқақ пен  эпидемиологиялық бақылау қызметінің басшысы Әмірхан Смағұловтар баяндады. COVID-19 індеті басталғалы бері ауданда ауруға шалдыққан 945 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, осы індеттен көз жұмғандар да кездеседі. Ауруды ауыздықтау үшін мұнда компьютерлі томограф (КТ), 23 – өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 41– оттегі концентраторы және көптеген өзге де медициналық жабдықтар алынған. Сонымен қатар, 56 млн.теңгеге тәулігіне 500 сараптама жасай алатын ПЦР зертханасы орнатылып, пандемия басталғалы бері 29388 адам тексеруден өткізілген.

Бүгіндері ауданда аурудың өсу қарқыны 3,3 пайызды құрап отыр. Сондықтан, өңірде локдаун жарияланып, демалыс күндері сауда орындарының, асханалар мен көпшілік жиналатын жерлердің  жұмысына шектеу қойылған. Іле өңірінде бүгінге дейін  680 медицина қызметкері, 137 педагог және 19 полиция қызметкері коронавирусқа қарсы екпе алып үлгерген.

Ауруханадағы вакцинациялау кабинеттерінің жұмысы, дәрі-дәрмек қоры, дәрігерлердің сақтану құралдарының сапасымен жете танысқан Батыржан Құлаймергенұлы орын алып отырған олқылықтарға тоқталып,  індет өршіген жағдайда ауруларды жатқызатын төсектер санын  мың орынға дейін ұлғайтуды тапсырды. Сонымен қатар, тұрғындарды жаппай вакцинациялауға дайын болу үшін мұздатқыш камералар мен термоконтейнердің санын арттыру қажеттігін де баса айтты.

Осыдан кейін Покровка ауылындағы жұқпалы аурулар емханасының жұмысымен танысып, Боралдай аудандық ауруханасына арнайы келді. Коронавирустың алғашқы толқынында провизорлық орталыққа айналып, бір мезгілде 120 адамға дейін емдеген аурухана жаңа толқынға да толық әзірлікпен келіп отырғаны байқалады. Ол үшін қажетті медициналық жабдық, дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылып, білікті дәрігерлер жұмыстарын жасауға дайын. «Дәулет центр» медициналық мекемесінде болған Батыржан Құлаймергенұлы ауру өршіген жағдайда бұл жерде де қосымша емдеу орындарын ашу мүмкіндігімен танысты.

Қарасай аудандық ауруханасында болған Батыржан Байжұманов мұндағы эпидемиологиялық ахуалмен танысып, алдағы атқарылар жұмыстар жайында кеңес өткізді.  Аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен болған жиында аурухананың бас дәрігері Мәулен Малғаждаров бүгіндері індетті жұқтырғандар қатарының артуына байланысты бірінші деңгейдегі ауруханада 91, екінші деңгейде 190 адам жатқанын баяндады. Ауданда қазір коронавирусқа қарсы 550 орын  жасақталса, алдағы уақытта қажеттілігіне қарай 780 төсектік орынға жеткізуге мүмкіндік бар.  Мұнда орталық ауруханамен қатар, Үшқоңыр провизорлық және Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханалары қатерлі індетпен күреске жұмылдырылған.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың пандемияға қатысты жасап отырған болжамын тілге тиек еткен Батыржан Құлаймергенұлы оптимистік жағдайда 550 төсек жеткілікті десек, реалистік көзқараспен 780, ал пессемистік болжам расталатын болса, орын санын 1000-ға жеткізу қажеттігін баса тапсырды. Сонымен қатар, коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары жедел жүргізілген уақытта вакцинаны сақтайтын мұздатқыштар мен ауыл-ауылға тасымалдайтын термоконтейнерлердің жеткілікті болуы, екпе жүргізетін дәрігерлер мен мекемелердің белгіленуі де маңызды. Б.Байжұманов аурухананың дәрі-дәрмек қоймасына бас сұғып,  қалыптасып отырған жағдайда байланысты дәрі қорын алдық-ала жеткілікті мөлшерде қалыптастырып қоюға мән берді.

Жамбыл ауданында облыс әкімінің орынбасарын аудан әкімі Бағдат Әлиев, аудандық аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужанов және эпидемиологиялық бақылау қызметінің басшысы Константин Пичкунов қарсы алып, алдымен қалыптасып отырған жағдайға байланысты арнайы босатылған емхана ғимаратының ішінде жасақталған жұқпалы аурулар ауруханасын көрсетті. Өңірдегі Қарғалы ауруханасы да провизорлық қызмет атқаруға лайықталып, қайта жасақталған.

Мұнда қатерлі індетпен күресуге қажетті медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті қамтамасыз етілген. Халықты вакцинациялауға қажетті құралдар қосымша алынуда. Аудандағы эпидемиологиялық ахуалға сараптама жасаған Батыржан Құлаймергенұлы індет өршіген жағдайда науқастарды жатқызатын орындарды алдын-ала жабдықтап, дәрігерлер мен қажетті құралдарды толықтай қамтамасыз етуді, медицина мекемелерінің осыған дайын болуын тапсырды.

Соңғы уақытта коронавирус індетінің өрши түсуі талғарлық тұрғындарды да алаңдатуда. Індетке ілінген жандарға медициналық көмек көрсетуде аудандық ауруханада арнайы төсек сандары көбейтіліп, дәрігерлер жұмыстарын ширата түскен. Бұл жөнінде ауданға арнайы ат басын бұрған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұмановтың іссапары барысында баяндалды.

Бүгінгі күнге дейін орталық аурухана мен Панфилов ауылдық ауруханасында коронавируспен ауырған науқастарға арналған 260 төсек  болды. Ал соңғы тәуліктерде аурудың қарқын алуына байланысты төсек саны 300-ге көбейтілді. Сондай-ақ, жансақтау бөліміндегі 9 төсектің 20-ға көбейтілгендігі жайында аудандық аурухананың бас директоры Хасен Дәсібеков мәлімдеді. Бұған дейін күніне 30-ға жуық науқас түссе, соңғы тәулікте ғана індет жұқтырғандар саны күрт көбейіп, 50 адам тіркелген. Олардың барлығынан коронавирус инфекциясының оң нәтижесі анықталған.

Осы орайда коронавирус инфекциясы бойынша көрсеткіштерге тоқталар болсақ, КВИ анықталған адамдар саны – 1484, ауруханада емделіп жатқандар саны – 279. Бұл коронавирусқа шалдыққан науқастарға арналған стационарлық төсектің 93 пайызға толғандығын көрсетеді.

– Індет жұқтырғандар санының артуына орай ауруханада атқарылар жұмыстар күнделікті пысықталып, науқастардың сауығып шығуына бар мүмкіндік жұмылдырылуда. Дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдарының жеткілікті болуы да басты назарда, – дейді ауданның бас дәрігері Хасен Әжібекұлы. Сондай-ақ, тәж тажалды ауыздықтау мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларының күшейтіле түскені мәлім. Бүгінде аудан бойынша 21 мобильді топ құрылып, өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруда.

Коронавирус алқымнан алған қиын-қыстау шақта аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар жайын бақылаған облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов халықтың денінің саулығы мен індетке ілінген науқастардың өмірін сақтап қалу күн тәртібіндегі басты мәселе екендігін баса айтты. Осы мақсатта дендеген дерттен құтылудың бірден-бір жолы – екпе алу екендігін тағы бір еске салып өтті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Ұлбосын ИСАБЕК

Алматы облысы